Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалық етуімен облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті.
Жиын алдында Қ. Ақсақалов облыс әкімінің жаңа орынбасарымен таныстырды. Бұл қызметке осыған дейін Тайынша ауданында әкім болып істеген Иван Турков тағайындалды.
Бірінші мәселе бойынша «Qyzyljar – adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің қызметі туралы облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов баяндады. Оның айтуынша, жұртшылықтың қызығушылығы мен сенімін тудырып отырған жобалық кеңсе 2018 жылдан жұмыс істеп келеді. Елбасының бастамасымен құрылған әлеуметтік институттың басты мақсаты сыбайлас жемқорлыққа көріністеріне қоғам тарапынан бақылау, талдау жасай отырып, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігіне ықпал жасау болып табылады. Бүгінде өңірде 12 жобалық кеңсе құрылған. Осы айда Есіл және Мағжан аудандарында іске қосылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің тапсырмасына сәйкес ауылдық жерлерде сервистік орталықтар құру жайы қарастырылған. Осыған орай сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі департаментпен бірлесе отырып, барлық ауылдық әкімдіктердің материалдық-техникалық базасына мониторинг жүргізілді. Оның алғашқы үлгісін Тайынша ауданы Келлеровка ауылдық әкімдігі аумағында ашу жоспарланған.
Жемқорлық мәселелеріне қатысты айтылған тұрғындардың шағымдары ескерусіз қалмайды. Ватсап арқылы өтініштер мен ұсыныстар еш кедергісіз қабылданады. Бейнежазбалар болмаса фотолар да орналастырылады. Жыл басынан бері 36 арыз түсіп, тиісті шаралар қабылданды. Облыс әкімдігінің сайтында «Халықтық бақылау» порталы жұмыс істейді. Жұртшылық оған жоғары белсенділікпен қатысады. Талдаулар көрсеткендей, тұрғындарды үйлерді, олардың дәліздерін жөндеу, құрылыс жұмыстарының сапасы, алаңқайларды асфальттау сияқты мәселелер көбірек толғандырады. Интерактивті портал арқылы ашық бюджет жайына да мониторинг жүйелі түрде жүргізіледі. Онда 437 млрд. теңгені құрайтын 2364 ашық бюджет мәліметтері жарияланды. Сондай-ақ сервистік жобалар шеңберінде жасалған келісімшарттар жайлы да деректер алуға болады.
«Qyzyljar – adaldyq alańy» кеңселік жобасы айналысатын қызметтің тағы бір маңызды бағыты – қоғамдық, профилактикалық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік сезімін қалыптастыру. Тікелей эфир арқылы онлайн форматта толғақты проблемалар бойынша жергілікті атқарушы билік өкілдерімен сұхбаттар ұйымдастырылады. Барлық деңгейдегі әкімдіктердің есептері тыңдалады.
Құмар Іргебайұлы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекеттік саясатындағы басты бағыттарды Президент өз Жолдауында белгілеп бергенін атап өтті. Тұрмыстық жемқорлықтың жолын кесу, қоғамдық бақылауды нығайту арқылы мемлекеттік секторлар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету басты назарда болуы тиіс. Мемлекеттік органдар мен орта және шағын бизнес арасындағы байланысты нығайтудың, адамдардың тұрмыс сапасын жақсартудың, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтудың маңызы айрықша. Жыл өткен сайын инвестициялық ахуалдың тартымдылығы артып келеді. 9 айда негізгі капиталға 139 млрд. теңге қаржы құйылды. Бұл өткен жылға қарағанда көп. Инвестициялық жобалар қабылданып, түпкі нәтижеге дейінгі аралықта барлық ілкімді тетіктер жүзеге асырылуы тиіс. Былтырғыға қарағанда электрондық қызмет көрсету көрсеткіші 3,2 есе көбейіп, қамтылу көрсеткіші 92 пайызды құрады. Атқарылған нақты шаралардың арқасында қолма-қол ақшасыз есеп айырысу көрсеткіші 16,2 пайыздан 43,8 пайызға дейін өсті. 172 млрд. теңгенің қаржылық операциялары орындалды. Бұл да тұрмыстық жемқорлықты болдырмаудың, алдын алудың тиімді әдістерінің бірі. Мемлекеттік сатып алу үдерісінде оң тәжірибелер қалыптаса бастады. Өткен жылмен салыстырғанда, бір көзден сатып алу көрсеткіші 23 пайызға кеміді.
Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы әркез қанағаттандыра бермейтінін атап көрсеткен өңір басшысы кемшіліктерді жою, «Qyzyljar – adaldyq alańy» жобалық кеңсе қызметін одан әрі жақсарту жөнінде тиісті нұсқаулар берді.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру жайлы кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медет Оспановтың есебі тыңдалды. Ол бұл бағыттта атқарылып жатқан шараларды, тұрғындар күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін қымбаттау мақсатында сақтандыру қорының әлеуетін тиімді пайдалану жолдарын әңгімеледі. Екі бройлер фабрикасы пайдалануға берілсе, құс еттеріне деген сұранысты өтеуге толық мүмкіндік бар. Ішкі нарықты жергілікті өнімдермен толықтыру, импортты азайту үшін екіжақты 1700 келісімшарт жасалған. Ауыл шаруашылық тауар өндірушілері өз өнімдерін делдалсыз – тікелей жеткізеді.
Қ. Ақсақалов әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандырудың маңыздылығына жиналғандардың назарын аударды.