«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЯЛЫ АЛАҚАН

Тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға көмек көрсететін “Қызылжар аналары” қоғамдық бірлестігі 2012 жылдан бері үш мыңға жуық шаңыраққа қол ұшын созған. Жомарт жандардың ұйытқы болуымен ашылған ұйым мүмкіндігі шектеулі перзент тәрбиелеп отырған отбасылар мен асыраушысынан айырылған балаларға, сондай-ақ, жағдайы төмен жандарға да материалдық көмек берумен қатар оқу орындарында білім алуына жәрдемдеседі. Қайырымдылық қоры бүгінде өңірдегі кәсіпкерлердің көмегімен мұқтаж жандарға 5 млн. теңгеге жуық қаражатқа азық-түлік пен киім-кешек сертификатын табыс еткен. 

Қоғамдық бірлестіктің төрайымы Мария Мамонтова өмірде қаймығуды білмейді. Көпбалалы отбасында дүниеге келіп, ата-анасынан ерте айырылған қаршадай қыз тағдыр тауқыметін тартқан кезде қайырымдылықты мақсат тұтып, өзгелерге қол ұшын созуды басты міндетіне айналдырыпты. Алты жыл бұрын анасы ауыр науқастан қаза тапқанда оның ісін өз қолына алып, өзгелерге жанашырлық танытуға белсене кіріседі. Ол бүгінде мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналарға көмек беру үшін жомарт жандарды тартуда.

Марияның көмегіне мұқтаж жандардың бірі – қызылжарлық Сара Биғожина. Ол – жалғызбасты ана. Перзентінің мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, бауыр еті баласының ел қатарлы өсіп-жетілгенін қалайды. Сондықтан “Қызылжар аналары” қайырымдылық қоры ұсынған көмектен бас тартып көрген емес. Жалғызбасты әйел биылғы жылдан бастап өзі сияқты жандарға берілетін атаулы әлеуметтік көмек көлемінің артқанына қуанышты. “Мемлекеттен алатын жәрдемақымыздың көлемі артып, қаржылық жағдайымыз айтарлықтай жақсара түсті. Мен сияқты пәтер жалдап тұратын жалғызбасты аналар аз емес”, – дейді Сара Бейбітқызы. Соңғы бірнеше айдан бері ұлы Дастанға “Қызылжар аналары” қайырымдылық қоры азық-түлік себетін беріп, жәрдемдесіп келеді. Жуырда жомарт жанның атынан отбасы шотына жүз мың теңге ақша аударылған.
Облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған жүздеген отбасы бар. Оларға тамшыдай болса да көмек берейін деген мақсатпен құрылған қайырымдылық қорының әр күні қауырт. Марияның айтуынша, бүгінде қордан көмек күтетіндердің қатары 60-тан асқан. Көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін қалалық әкімдіктен алады. Бұған қоса ұйым туралы естіп, сырттан келіп жатқандардың да қатары аз емес. Қор түрлі акциялар өткізіп тұрады.
– Былтырғы жылдың аяғында біз жекеменшік мекемелермен бірлесіп онкологиялық сырқатқа шалдыққан балаларға ерекше сый жасадық. Ауыр дертпен күресіп жүрген жеткіншектердің тізімін жасап, олардың Аяз атаға жазған хаттарын жинап, армандарын орындауға тырыстық. Өңіріміздегі тағы бір ірі кәсіпорын он балаға мерекелік сыйлыққа қаржы аударды, – дейді ұйым жетекшісі.
Қайырымдылық қорына көмек көрсетемін деушілер онлайн-платформа арқылы балалардың атына тиісті ақшасын аудара алады. Сондай-ақ, сайтта кімге, қанша қаржы аударғаны туралы барлық ақпарат тұрады.

Гаухар ҚАЙДАРОВА,
М.Қозыбаев атындағы
СҚУ-дің студенті.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp