Қазақ халқының әдеби мұрасы оны өлең-жырымен, көркем шығармаларымен әрлеген ақиық ақын-жазушыларымыздың арқасында ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, сақталып келеді.
Жуырда қазақ әдебиетіндегі заңғар тұлғалардың бірі Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығына арналған “Аңызға айналған абыз” республикалық байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен 12 көркемсөз оқу шебері қатысқан болатын. Жиналған өнер иелерінің әрқайсысы – өз облыстарының мақтанышы, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік әртіс, сазгер, айтыскер, әнші, киелі сахнаның қадірін білетін талантты, нағыз театрдың иісі аңқыған тума өнерпаздар. Аталмыш байқауда Солтүстік Қазақстан облысының намысын арқалаған Ақмарал Көкенайқызы актерлік шеберлігі өте жоғары қатысушылардан оқ бойы озып шығып, Гран-при иеленді. Ақмаралдың жетістігі тек қана ол туып-өсіп, қазіргі уақытта қызмет атқарып жүрген Уәлиханов ауданына ғана емес, барша Солтүстік Қазақстан облысы үшін мақтаныш екені сөзсіз.
– Қарт Каспийдің жағасында, 362 әулие мен Пір Бекет атаның рухымен тыныстап жатқан маң далада дүниеге келіп, аты қалың елге мәшһүр болған, заманының заңғар тұлғасы, жазушы, Елбасымыздың көмекшісі, Жоғарғы Кеңестің төрағасы, Мемлекеттік хатшы болған Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығына арналған ең алғашқы республикалық байқауға қатысу бақыты бұйырғанына шексіз қуаныштымын. Ертеңгі күні тарих парақтарында осынау әдеби доданың ең алғашқы қатысушылары ретінде қалатынымыз күмәнсіз. Әбіш атамыз дүниеден өткен кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Әбіш деген соншалықты кемеңгер, ірі тұлғаларымыздың бірі еді. Алты Алашқа ғана емес, әлемге ортақ еді”, – десе, маңғыстаулық ақын Сабыр Адай “Мың жыл бірге толғатса да, мың қазақ, Туылмайтын өтті өмірден бір қазақ”, – деп жырға қосқан болатын, – дейді Ақмарал.
Республикалық байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Маңғыстау облысы әкімінің құттықтау сөзімен басталған әдеби кеште есімдері елімізге танымал өнер майталмандары қазылық етіпті. Байқауға облыстық кезеңдердің жеңімпаздары жолдама алды. Байқау екі кезеңнен тұрды, оның алғашқысында Әбіш Кекілбайұлының драмалық, прозалық шығармаларынан үзінді көрсетілді, содан кейін кезек жырға берілді. Әр кезеңді бағалауда үміткерлердің сахналық киімі, актерлік шеберлігі, тіл тазалығы ескерілді.
“Аңызға айналған абыз” атанған ақиық ақынның қазақтың байырғы, төл сөздерін көп қолданған аса мәнді туындыларын түсініп, сезініп, халыққа жеткізе білу үшін үлкен жүрек керек екені белгілі.
– Байқауда жиылған әдебиет сүйер қауымның назарына ақиық ақынның қамыққан сәтінде, болашақты болжап: “Кеудеңді өртесе де жара, күйік, Өтінем жоқтай көрме қара киіп”, – деп ішкі жан дүниесімен бөліскен ерекше поэзиясын ұсындым. Өнерімізді, дайындық деңгейімізді бағалаған әділ қазылар алқасында 2016 жылғы еліміздің “Жыл актері” де болғаны ерекше әсер қалдырды. Осы байқауға бағымызды сынай келген қай-қайсымыз болмасын, өзімізге жүктелген жауапкершіліктің өте жоғары екендігін түсініп, облысымыздың артқан сенімін ақтауға барынша күш салдық. Еліміздің барлық өңірлерінен жиналған көркемсөз оқу шеберлерінің арасынан менің өнерімді, дайындығымды аса жоғары бағалап, Гран-при жүлдесіне лайық деп танығандары мен үшін үлкен мәртебе, – дейді жас өнер иесі.
Бұл Ақмарал Көкенайқызының алғашқы жеңісі емес. Ол жақында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойына орай ұйымдастырылған Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің XVIII республикалық байқауында үшінші орынға көтерілген болатын.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.