
«Qyzyljar – adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиаорталық филиалымен бірлесіп жүргізген қоғамдық мониторинг барысында Петропавл қаласының «Ашық әкімдігі» мен «Ikomek» тұрғындарға көмек көрсету орталығының жұмысын тексерді. Қоғам белсенділері операторлардың, ақпараттық жүйелердің жұмысымен, тұрғындардан келіп түскен өтініштерді қабылдау және өңдеу тәртібімен танысты. Тексерушілер орталық жұмысының қажеттілігі мен көкейкестілігін атап өтті. Тұрғындар өтініштерінің 38 мыңнан астамы оң шешімін тапқаны орталық жұмысының тиімділігін көрсетсе керек. Төтенше жағдай кезінде орталық қалыптасқан жағдай туралы тұрғындарды құлақтандыруда мемлекеттік органдарға көп көмегін тигізді.
Алайда мониторинг барысында ақпараттық жүйелердің жұмысында кейбір кемшіліктер бар екені белгілі болды. Атап айтқанда, Петропавл қаласының цифрлық сараптама картасында жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандардың тізімі жаңартылмаған. Кей нысандарда жұмысты орындаушылар мен мерзімі туралы ақпарат көрсетілмеген. Жұмыс жүргізіліп жатқан жобалар туралы мәлімет жоқ. Картада 2018 және 2019 жылғы мәліметтер ғана көрсетілген.
Жобалық кеңсе жетекшісі Амангелді Сатановтың айтуынша, мұндай кемшіліктер жергілікті атқарушы органдардың беделін түсіріп, орталық операторларының сапасыз қызмет көрсетуіне әкеліп соғады. «Осыған орай сарапатамалық картадағы барлық ақпаратты жаңартуға, жоспарлы және жүргізіліп жатқан жұмыстарды картаға уақтылы енгізу алгоритмін жасауға кеңес береміз. Сондай-ақ, қала тұрғындарынан кеңінен ақпараттандыру үшін ресми сайтта цифрлық сараптама картасын онлайн режімге ауыстыру мүмкіндігін қарастырған жөн», деді Амангелді Сатанов.