«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚШАНЫҢ БУЫ

Төменгі сатыдағы қызметкерлер мен жұмыскерлер үшін бір жерден алатын еңбекақы басқа тартсаң аяққа, аяққа тартсаң басқа жетпейтін мардымсыз екені рас. Сондықтан аяқ-қолы сау адамдар қосымша табыс табуға тырысады. Жақсы тұрмыс құруға тырысқан жанның бәрі де солай. Соның ішінде жастар да көп. Қайда болсын өзіне лайық бір жұмыс іздеп жүрген алғыр жастарды көресің. Көптеген жастар даяшылық жұмысты меңгеріп алған, ал жасамыс жандар өз көліктерімен кісі тасып, ақы тауып, амалдап жүр. Байып кетпесе де еңбек еткен жандардың тұрмысы жаман емес, “қолы қимылдағанның аузы жыбырлайды” демекші, ішіп-жемі түзу. Алайда, пенденің өзі тойса да көзі тоймаған ғой қашаннан, тезірек байығысы, тезірек тойынғысы келген ынсапсыз біреулер Абай айтпақшы: “Бір-ақ секіріп шығам деп, бір-ақ қарғып түсем деп, мертігеді, жатады”. Біз бүгін әңгіме еткелі отырған адам да соның бірі.

Облыс орталығында тұратын Марат Қабеновтың (кейіпкердің аты-жөні өзгертілді) азды-көп еңбекақы төлейтін жұмыс орны болған. Міндеті күзет болғандықтан еңбекақысы аз, әрине, бірақ уақыты мол, бір тәулік істеп келсе екі тәулік демалады. Ескілеу болса да “Volkswagen Passat” мәшинесі бар, сонымен кісі тасып, қосымша ақы табады.
Бірақ тепсе темір үзетін, отызға енді келетін бұл жігіт өзінің алдына бірден баю мақсатын қойған. Ал ондай байлыққа көбінесе тек қылмыстық жолмен ғана қол жеткізуге болатыны түсінікті. Оның арты өкінішке ұрындыруы мүмкін екенін білсе де жігітіміз сол жолға бейіл болған.
Қазір не көп, интернетке шығатын жарнама көп. Кейбірі көп ақша табатын жұмыстар ұсынады. “Бұл не деген батпан құйрық, тектен тегін жатқан құйрық” демей кейбір адамдар соған алданып, қылмыстық жолға қалай түсіп кеткенін өзі де білмей қалады. Өкініштісі сол, жұртты қылмыстық жолға итермелейтін ондай жарнама бергендердің өзін ұстау қиын. Тіпті, ұстаған күнде қылмысын әшкерелеп, сотқа сүйреу де оңай емес.
Бұрын бәрі қолма-қол болып, барлық қылмыс көзге көрініп, ұсталса бадырайып тұрса, қазір қылмыстың өзі де интернет арқылы жасалып, ұшын ұстатпай кетеді. Біздің жігітіміз де сондайға іліккен.
Маратқа оңай ақша табудың жолын бір қуаяқ көрсеткен. Бірақ ол артынан бұған жоламай, зымзия ғайып болған. 2018 жылдың мамыр айында Марат үйінде отырып “Telegram” мессенджеріне “Алексей” деген логинмен тіркеліп, түрлі жарнамалар мен хабарландыруларды оқи бастайды. Соның ішінде көп ақы төлейтін жұмыс беремін деген “Работа КЗ” логинімен тіркелген белгісіз біреуге “sms” хат жазып, оның жөнін сұрайды. Анау бұған барлық жақсылықты үйіп-төгіп, тез байып кететінін айтып, қайта-қайта айтып қызықтыра түседі. Онысы Нұр-Сұлтан қаласынан есірткі заттарын Петропавлға жеткізетін курьерлік жұмыс екен.
Әрине, есірткі екенін тура айтпайды, тек химиялық препараттар деп жұмбақтайды, алайда, оның химиялық есірткі екенін Марат жақсы түсінеді. Есірткі деген жерден есі дұрыс адам аулақ кетсе керек еді, бірақ бар есіл-дертін тасымал үшін төленетін ақша алып қойған ол қылмыстық жолға баруға көнеді.
“Заманына қарай амалы” демекші, бұған “жұмыс берген” “Работа КЗ” жігіттің көнгенін көрген соң енді бұған “VIPole” мессенджеріне тіркелуді міндеттейді. Осыннан Қабеновке “mister_mak1” логиніндегі адамның өзі хабарласып, не істеу керектігін айтады. Ал Марат мұнда “maxs3512” логинімен тіркеледі.
Сақтық үшін “mister_mak1” бұған астанаға келген соң ғана хабарласып, тауарды қай жерден алу керектігі туралы “sms” жібереді және оны дереу өшіріп тастауды талап етеді. Салмағы бір килограмға жуық химиялық есірткі ретінде танылған психотроптық затты Марат астананың қараңғы кешінде айтылған жерден алып, сол түні, сағат бірлер шамасында “Индрайвер” арқылы такси тауып, төрт кісінің орнын жалғыз өзі төлеп, Петропавлдағы өзінің үйіне жеткізеді.
Үйге келген соң қожайындарының нұсқаулығына сәйкес электронды таразымен өлшеп отырып, есірткіні жылтыр қағаздағы он қалташыққа бөліп салады. Шағын бөлігін үйіндегі ваннаның астына жасыруды да ұмытпайды. Өйткені, мұның бәрі қып-қызыл ақша, ал өзін ешкім аңдып, үстінен қарап тұрған жоқ.
Осы “қазынаны” Қабенов қожайындары “sms” хабарламамен көрсеткен жасырын жерлерге 2018 жылғы маусымның 10 мен 20 күндері аралығында бөліп тығады. Бұл құпия орындар “Алтын дала” көшесінің бойындағы құрылысы аяқталмаған екі қабатты үйде, “Ақ қайың” балабақшасының маңында және Ж.Қизатов көшесінен басталатын қайыңды орманның арасында сырт көзге түсе қоймайтын “х” деген белгісі бар жерлерде болған. Ал Қабеновке курьерлік еңбегі үшін банкоматтағы карточкасына ресейлік рубльмен еңбекақысы төленіп тұрған. Демек, олар ресейліктер болуы мүмкін немесе көз алдау үшін қасақана осы әдіске барған қазақстандықтар.
Осы әдіспен “сауда” жасап жүрген Қабенов қазан айында ұсталғанға дейін елордаға бірнеше рет барады. Оны ұстаған құқық қорғау қызметкерлері құпия орындардан әлі әкетіле қоймаған бірнеше жылтыр қағаз және үйіндегі ваннасының астынан да қалташықтар тапқан.
Марат Қабенов қылмысын ішінара мойындаған, бірақ өзіне ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі ретінде соттайтын бапты қолданбауды өтінеді. Алайда, прокурор Д.Сағындықовтың қатысуымен болған ауданаралық сотта судья Д.Ысмайылова оның бұл өтінішін аяқсыз қалдырды. Өйткені, қылмыстық істен барлық заңсыз әрекеттер ұйымдасқан топпен жасалғаны көрініп тұрған соң оны жеке жүріп қылмыс жасаған деу мүмкін емес еді. Сөйтіп, Қабенов ұйымдасқан қылмыстық істің бабымен сотталып, алты жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ қылмыстық топтың басқа мүшелері әшкереленбей қалған. Оларды sms-пен жіберген хабарламасы арқылы әшкерелеу мүмкін болмаған. Осының өзінен интернет арқылы жасалатын қылмыстарды ашудың құйтырқылықтары көп екені көрініп тұр.
Тез баюды ойлап, қылмыстық жолға түскен жігіт алты жыл өмірін қапаста өткізетін болды. Бұл уақытта оның науқас баласы, жас әйелі қалай күн көретіні белгісіз. Егер Марат орнықты жігіт болғанда алдымен осылардың тағдырын ойлауы керек еді, ал ол желден келген жеңіл табысты артық көрген. Ақыры өзін ғана емес, бүкіл отбасын шырғалаңға түсірді. Осындай мысалдар “ауырдың үсті, жеңілдің астымен” жүргісі келетіндерге ой салса екен дейміз.

Жақсыбай САМРАТ.
  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp