Біздің жүйеде болған өзгерістерді өз көзімен көріп, алғашқы күннен қызмет атқарған еңбек ардагерлері жетерлік. Ал осы мақалаға арқау болып отырған адам – жаны жайсаң, ақ жүректі, адал жолдас, өз ісінің нағыз маманы Анна Олейникова. Анна Александровна – бар саналы ғұмырын төтенше жағдайлардың санын, қоршаған орта мен шаруашылық нысандардағы болатын шығындарды мейілінше азайтуға, тұрғындардың тыныс-тіршілігінің қалыпты жағдайда болуына, облыс халқы мен аумағын табиғи апаттардан қорғауға бағытталған алдын ала жүргізілетін іс-шараларды әзірлеп, оны жүзеге асыруға жұмсаған адам. Оның бұл саладағы қызмет өтілі 32 жыл болды. Қандай лауазымда жұмыс істесе де, ол кісіге көп жағдайларда басшы ретінде де, маман ретінде де жауапты жұмыстар атқарып, шешімдер қабылдауына тура келген сәттер көптеп саналады.
1970 жылы Петропавл педагогикалық институтынан биология-химия пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алып шыққан Анна Александровна 3 жыл ұстаздық қызмет атқарады. Содан кейінгі еңбек жолын тек қана азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар саласында өткізген. 1973 жылы Азаматтық қорғаныс штабына аға ветеринар дәрігер болып орналасқан ол бұл лауазымда 9 жыл жұмыс істепті. 1984 жылы шұғыл ден қою бөлімі бастығының аға көмекшісі лауазымында, 1988 жылы жауынгерлік дайындық бөлімінде еңбек еткен.
1996 жылы азаматтық қорғаныс штабының облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма болып қайта құрылуына байланысты шұғыл ден қою бөлімінің бастығы болып тағайындалыпты. Ал 1997 жылдан зейнеткерлік жасқа толған күніне – 2003 жылғы 31 қазанға дейін төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінде табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар жөніндегі бас маман лауазымында қызмет атқарды. Осындай еңбек жылдарында ұжымның құрметіне бөленген Анна Александровна үлкен табыстарға жетіп, алғыстарға ие болды, бірнеше рет көтермелеу сыйлықтарымен, Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Төтенше жағдайлар саласында ер-азаматтармен қатар қызмет атқару – біз үшін абырой. Қыстың қақаған суығында, жаздың аптап ыстығында болып жататын төтенше жағдайлардың басы-қасында жүріп, оларды жою, қажет кездерде мәселелерді шешуге тікелей араласудың өзі біздің қызметтің аса жауапкершілікті талап ететінін байқатады.
Мен осыдан тура 10 жыл бұрын жұмысқа орналасқан кезде біздің мекеме төтенше жағдайлар басқармасы болатын. Алғашқы жұмысқа шыққан күнім. Сұңғақ бойлы, ажары келіскен жан алдымнан шығып, қарсы алып, өзін Анна Александровнамын деп таныстырды. Сол сәттің өзінде-ақ мен оның көзінен мейірімділік пен жылулық сезген едім. Қалай дегенмен, жаңа жұмыс орны, жаңа ұжым. Қалай қарсы алар екен, қалай болар екен деген сан мың сұрақпен жүрексіне кірген менің өмірімде, еңбек жолымда осы бір адамның болғанына мен дән риза-мын. Себебі, мен ол кісіден көп нәрсені үйрендім, екеуіміз екі бағытта жұмыс істейміз, Анна Александровна табиғи сипаттағы ТЖ алдын алу жөніндегі маман болса, мен техногендік сипаттағы ТЖ жөніндегі маманмын. Бірақ ол кісінің білетіні өте көп еді, сондықтан да ешқашан үйретуден жалықпайтын. Осындай жақсы көзқарас пен қарым-қатынас бізді туысқандай дәрежеге жеткізді. Сол кісінің қамқорлығы мен үйреткен ақыл-кеңестері менің қанатымның қатайып, тәжірибелі маман болып қалыптасуыма септігін тигізді.
Ол кісінің ән салу талантын да ерекше атап өткім келеді. Барлық өткізілетін жиындарда ол ән салғанда, аузымызды ашып, тыңдап отыратын едік. Бір сөзбен айтқанда, ұжымның сәні болатын.
Қазір Анна Александровна – зейнеткер. Бірақ қолы бір босамайды. Ол кісіні “жедел жәрдем” десе де болғандай. Барлық өмірін анасына, апалары мен інісінің отбасына арнап келеді. Қашан көрсең “анаған көмек керек, мынаған көмек керек”, – деп жүгіріп жүргені.
Осы мақаланы жазатын болған соң, өз аузынан естиінші, небір қызық жайлар, оқиғалар айтар деп жолыққанымда, табиғатынан салмақты Анна Александровна алдымен бас тартты. Сонда да болса осы бір оқиғаны айтып берді:
– Жауынгерлік дайындық бөлімінде жұмыс істеп жүрген кезім. Тактикалық-арнайы жаттығуларға дайындық кезінде аумақтық құрылымдардың жоспарын жасау маған тапсырылды. Бірақ сол кездегі шұғыл ден қою бөлімінің бастығы Алексей Захарченко бұл жоспарды жасаудың қажет емес екенін айтты. Ал бірер күннен кейін штаб бастығы Николай Михонов мені шақырып алып, 10 күннің ішінде сол жоспарды жасамасаң, жұмыстан кетесің деді. Мен бір аптаның ішінде сол жоспарды жасап, жұмыстан босату жөніндегі өтінішіммен бірге қоса бердім. Жұмысыма риза болған басшы жұмыстан кетуімді асығыстықпен айтқанын, орнымда қалуымды өтінді. Әсия, мен сол кезде жұмыстан босатылғанымда, бұл саланың қыр-сырын түсінбей өтер едім, өздеріңдей жастармен кездеспес едім, – деді.
Кездесуіміздің соңында жасы егде тартқанмен, денесі жеңіл Анна Александровна күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүргенін айтып, менімен қоштасты да жүгіріп кете барды.
Бұл мақала – ТЖ қызметінің қалыптасып бүгінгі деңгейге жетуіне үлес қосқан, көлеңкеде жүріп ерен еңбек сіңірген бір ғана маман туралы үзік сыр. Ал олардың қатары қаншама?! Бүгінгі ұрпақтың, әріптестердің сол азаматтарды есінде сақтап, құрмет тұтуы – азаматтық парызы деп ойлаймын.
Әсия БАТАЛОВА,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің
бас маманы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp