
Жыл сайын Қазақстаннан 25-30 мыңнан астам адам шетелдерге кетеді. Олардың көбі – өндіріп жұмыс істеуге қабілетті 25 пен 45-тің арасындағы мамандар. 2010 жылғы статистикалық деректе 2 мыңға жуық архитектор-құрылысшы, 1854 медицина маманы, 4 мыңдай педагог, 5 мыңдай экономист, 1300 заңгер, 10 мыңнан астам техникалық сала мамандары алыс-жақын елдерге қоныс аударыпты. Біздің жастар көбіне Германия, Чехия, Латвия, АҚШ, Ресей, Қытай және Израильде жұмыс істеп жүр.
Басты проблема – жалақы. Бізде ең төменгі жалақы 21364 теңге болса, Германияда –1360 еуро, Францияда – 1537 еуро. Өзін өзі құрметтейтін маман 150-200 еуро сияқты болмашы жалақыға қалай жұмыс істейді? Осының салдарынан ертең «ЭКСПО-2017» игілігі үшін қызмет ете алатын ондаған мың мамандарымыз өзге мемлекеттердің диірменіне (экономикасына) су құюда. Арнайы тәсілмен жасалған есептеулерге қарағанда, Қазақстан «ақыл-ой жылыстауынан» $ 300 млрд доллар зиян шегіп отыр екен. Бұл біздің шенеуніктерімізді неге ойландырмайды?
Таяуда Қазақстан партияларының Парламенті шетелдіктерді еліміздегі түрлі қызметке тартуға болатын заң жобасын қарастырғаны мәлім. Яғни олардың бізде үлкен жалақы алып жұмыс істеуіне мүмкіндік ашылды. Ал сол жалақыны шетелдерде жүрген өз жастарымызды елге оралтып, соларға берсек болмай ма? Осындай ішкі мүмкіндіктеріміз неге пайдаланылмайды? Өз мамандарымызды шетелдерге тентіретіп жіберіп, енді шетелдерден жұмысқа маман шақыру күлкілі іс емес пе? Депутат мырзалар соны неге ойламайды?
Марат ТОҚАШБАЕВ,
«Президент және Халық» газетінің бас редакторы.
(«Facebook»).