«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АҚЫНЫ ЖОҚҚА АҚЫН БОЛАМ!” немесе Тазша баланың тірлігі

Жақында “Солтүстік Қазақстан” газетінде (2016 ж. 11 маусым. №66) жарияланған “Еңбек Ерінің құрметіне арналған айтыс” деген шағын мақаланы оқып шығып, ақындардың жыр сайыстарында орын алып жүрген бір көзбояушылықты аңғарған соң қынжылып қалдым. Мақалада “Айтыстың қорытындысын шығарған қазылар алқасы ІІІ орынды Тимирязев ауданының атынан айтысқан Аманжол Зағыпарға … берді” деп жазылған жолдарға көзім түскенде жоғарыда айтқандай күйге түстім.

Анығын айту керек қой, соңғы он шақты жылдың ішінде біздің өңірімізде өтіп жүрген айтыстарды осы індет әбден “баурап” алды. Біздің ақындарымыз беттің арын белбеуге түйіп алып, кез келген ауданның намысын жыртып, сахнаға шыға салады. Мұны анық білетінім, айтыстардың қазылар алқасының мүшесі ретінде сынға түскен айтыскерлердің тізімдері жазылған ақпарат алдыңда жатқанда көзіңе қалай шалынбайды?! Осыдан соң “Әй” дейтін – әже, “Қой” дейтін, қожа бар ма?!” деп қынжыласың келіп.

Жоғарыдағы жазылған мақаладан кейін 13 маусым күні облыстық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызметі орталығының басшысы Жанболат Мұқановқа телефон шалайын. Не керек, бір қалада тұрып, Жанболат Темірболатұлының қолын телефон құлағына жеткізе алмай, үш күн бойы әуре-сарсаңға түстім. Ондағы мақсатым осы көзбояушылыққа жол беріп, бір ақынды кез келген жерден айтысқа шығара беретіндердің кімдер екенін білу еді. Әттең, басшының қабылдау бөлмесіндегі қызметкері сан алуан сылтаумен телефонды қоспай күйдірді. Өйткені, ол менің қандай мәселемен сөйлесетінімді біліп алған екен.

Осыдан соң орталық жетекшісінің үстінен қарайтын облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы Рустам Бикеневке қолым жетті-ау! Рустам Төлегенұлы мұндай алаяқтықтан бейхабар екендігін айтты да, шынында да, мұның жөнсіз әрекет екенін мойындап, тамырына балта шабатын сыңай танытты.

Айтқандай-ақ, ертеңіне – 16 маусым күні редакцияға Жанболат Мұқанов келіп, басқарма басшысының қатаң тапсырмасын орындау ниетімен жеткенін айтты.

– Сөзіңіздің жаны бар! Соңғы жылдары кейбір ақындар аудандардың мәдениет және спорт бөлімдерінің басшыларымен өзара «тіл табысып» осындай әрекетке барып жүр. Бұл, әрине, үлгі алатын іс емес. Алдағы уақытта оның жолын кесеміз. Оған бұдан былай жол бермейміз. Бұл айтысты дамытудың жолы емес, – деп кесімді сөзін айтты.

“Әлгіндей әрекетке барып жүрген ақындардың ұтары не, сонда? Әлде бұл жең ұшынан жалғасқан қулық па? Мүмкін, аудан атынан шыққан соң уысына бірдеңе түсетін шығар?” – деген сауалыма Жанболат Темірғалиұлы тиянақты жауап қайтара қоймаса да, ондайдың болуы ғажап емес дегендей екіұштылау ойын білдірді.

Жасыратын несі бар, бізде әр ұяға бір қонатын сауысқанның тірлігін жасап жүрген ақын аз емес. Мысалы, айтыста жыл-он екі айда ғана бір көрінетін Құрмет Құралхан наурыздағы айтыс сайын Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның атынан шығады. Айтысты ұйымдастырушылар мұны білмейді емес. Бірақ көз жұма қарайды. Айта бастасаң, жақ аштырмауға тырысады.

Бұрындары өзінің елді мекенінің ғана атын қорғап айтысатын марқұмдар Игібай Әлібаевты, Кеңес Тынымбаевты, Ғабдолла Қожабаевты, Қонысбай Әлжановты, Әшім Меңдібаевты, Нұрлан Қасымовты, Ерік Асқаровты, бүгінде Алматыда тұратын Бүркіт Бекмағамбетовті осы айтыс ұйымдастырып жүргендердің көздері көрді ғой. Мен де көрдім. Өзім де осы қатарда айтыстарға түстім. Олардың бірде-бірі мұндай жымысқы әрекетке барған жоқ.

Өзімді айтар болсам, мен туған Жамбыл ауданының бірінші басшысы, марқұм Шаймұрат Смағұлов: “Зейнолла, Жамбыл ауданынан шықсайшы. Ақыңды жемейміз!” – деп қолқа салғанда:

– Шай аға, бұл ұят емес пе?! Қарсыластарымның бетіне қалай қараймын, – деп бас тартқаным жадымда. Оған өкінбеймін де! Ар-ұяттан биік тұра алмайсың ғой.

Ал бүгінгі айтысып жүргендердің кейбірінен мұндай парасаттылықты көзің шалмайды. Әлде адамды заман илеп-билеп алған ба?

Сөз соңында айтарым, халық шығармашылығы орталығындағы кейбіреулер: “Солтүстік Қазақстан” редакциясындағылар ақыл-гөйсімей, жаны ашып бара жатса, ақындар мектебін ашсын да жастарды үйретсін!” – дейтінін құлағым шалды. Олар ағат ойлайды. Мәдениет, өнер жұмысын осы саланың қызметкелері өздері жүргізіп, жүгін өздері көтеруі керек! Өзің көтеретін жүкті өзгенің иығына арту жөн емес. Оның үстіне, мұндай ауру біздің өңірде ғана орын алып жүргенін жақсы білемін. Ешбір ақын өзге жердің намысын өзінің кіндік қаны тамған топырағындай, туған атамекеніндей қорғай алмайды. Басқа жердің жақсысына сүйініп, жаманына күйіне алмайды. Ал осындай перзенттік махаббатты ақшаға сатып алу мүмкін бе? Жоқ!

Осындайда ойыма бала кезімізден баршамызға белгілі қазақ ертегілеріндегі Тазша баланың тірлігі елестейді. “Баласы жоққа бала болам!” деп дәулетті адамдарды жағалап жүруші еді ғой сол бала. Кейбір айтыскерлердің әрекеті сол баладан аумайды. Олар: “Ақыны жоққа ақын болам!” – дейтіндей көрінеді маған.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp