«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫН МҰРАЛАРЫ МАКЕДОН ТІЛІНЕ АУДАРЫЛАДЫ

2018 жыл “ТҮРКСОЙ” халықаралық ұйымының шешімімен “Мағжан Жұмабаев жылы” болып жарияланғаны белгілі. Халқының тәуелсіздігі жолында талмай күрескен ақиық ақынның 125 жылдық мерейтойына орай ұйым Франция, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты өзге де елдерде өткен мерейлі шараларға бастамашы болып, бірегей тұлғаның жас ұрпақ жадында ұзақ уақыт сақталып, шығармаларының әлем елдерінің көптеген тілдерінде жарық көруіне атсалысты.

Жуырда “ТҮРКСОЙ” халықаралық ұйымы Македонияның Скопье және Гостивар қалаларында “Түркі әлемінің ұлы перзенттері” атты халықаралық ғылыми конференция өткізді. Айтулы шара қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына және қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналды. “ТҮРКСОЙ” Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ бастаған ресми делегация мен жиынға қатысушы ғалымдарды Македонияның сыртқы инвестициялар министрі Аднан Кахил және Мәдениет министрі Асаф Адеми арнайы қабылдап, ұйымның мәдени интеграция саласындағы жаңашыл жобаларына табыс тіледі. Конференцияда сөз алған ғалымдар қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев пен қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов мұраларының түркі халықтарының мәдени өміріндегі орны мен маңызына тоқталып, олардың әлем әдебиетіне әкелген жаңалықтарын сөз етті.

Конференцияда “Мағжан Жұмабаев жылы” аясында “ТҮРКСОЙ” халықаралық ұйымы тарапынан жарияланған Мағжан ақынның үш жинағы таныстырылды. Олардың біріншісі – Түркияның белгілі ақыны Али Акбаш қазақ тілінен түрікшеге аударған “Алыстағы бауырыма” кітабы, екіншісі – ақынның он екі тілдегі аудармаларының топтама жинағы. Оны Асқар Тұрғанбаев құрастырған. Үшіншісі – Мағжан ақынның “Түркістан” топтамасы. Оны әзірбайжан тілінде сөйлеткен Рамиз Әскер. Скопье қаласындағы Македония мемлекеттік университетінің Түркология бөлімінде және Гостивар қаласындағы Визион университеттерінде өткізілген мерейлі шаралар барысында Мағжан ақынның мұралары жуырда македон тіліне аударылатыны белгілі болды.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp