«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚ ЖОЛ ТІЛЕДІ

“Святая Троица” рим-католик шіркеуі діни бірлестігінің жетекшісі болған Дариуш Пашинский басқа қызметке ауысуына байланысты Польшаға оралмақ. Осыған орай облыс әкімдігінде дін жолында абыройлы қызмет көрсетіп жүрген жанға ризашылық білдірілді.

Дариуш Пашинский Петропавлдағы шіркеуде қызмет еткен жыл ішінде біраз жұмыс атқарған. 2014 жылы облыс басшысы Ерік Сұлтанов пен Польшаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Яцек Ключковскидің қатысуымен Ясная Поляна ауылында поляк Мәдениет үйінің ашылу салтанатын ұйымдастырды. Ол ақпараттық-насихат тобының мүшесі ретінде қоғамда түсіністік орнату, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға елеулі еңбек сіңірді. Әкімдіктің жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің жұмысына белсене атсалысты.

– Дариуш Пашинский өзінің шынайылығымен, сезімталдығымен, біліктілігімен өңір тұрғындарының ризашылығына бөленді. Ол дәстүрлі конфессиялар мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында ынтымақ орната білді. Еліміздің басты мақсаты бейбітшілік пен этносаралық келісімді нығайтуға зор үлес қосты, – деді облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко.

Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, Епархия басқармасының хатшысы, протоиерей Сергей Первушин, облыстық “Коперник” поляк мәдени орталығының төрағасы Анатолий Крашевский де қызметі жоғарылап, еліне қайтып бара жатқан Дариуш Пашинскийге ақ жол тіледі. Жиын соңында оған облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp