Үстіміздегі айдың 10-ынан 19-на дейін облысымызда «Браконьер» жедел-алдын алу шарасы өткізілді. Оның басты мақсаты – табиғат қорғау заңнамаларын бұзушыларды анықтау.
Аталған шара басталмас бұрын табиғат қорғау полициясының инспекторлары аудандық ішкі істер бөлімдері қызметкерлерімен бірлесіп, заңсыз аңшылық және ағаштарды кесу оқиғаларын анықтап, жол бермеумен айналысатын жедел қимыл топтарын құрды. Осы орайда әкімшілік полициясының қызметкерлері аңшылық және орман аймақтарына баратын жолдарды бақылауды күшейтті.
Бұл жемісін берді де. Шал ақын ауданының полицейлері Новопокровка ауылының маңында үш сібір елігін заңсыз атып алған үш браконьерді қолға түсірді. Олар Жаңасу ауылының тұрғындары болып шықты. Ұсталғандардың көлігін тексере келгенде үш елік еті, қару-жарақтар, оқ-дәрілер, қолшам табылған. Құжаттарын қарағанда оларда аң аулауға, атуға рұқсат қағаздары болмай шықты. Сондықтан оққа ұшқан хайуандар мен қару-жарақтар сараптамаға жіберілді. Енді олардың үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 288-бабы бойынша іс қозғау мәселесі қарастырылуда.
Сібір еліктерінің санын көбейту, оларға жаудай тиюге жол бермеу құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ғана емес, сонымен бірге тұтастай қоғамның да міндеті болып табылады, – деді облыстық ішкі істер департаменті табиғат қорғау полициясы бөлімшесінің бастығы, полиция полковнигі Есләмбек Мәкенов.
Шара басталған алғашқы үш күннің ішінде облыс полицейлері 145 әкімшілік заң бұзу оқиғасын анықтады. Соның жетпістен астамы – аң аулау ережесін бұзу, отыз бірі – отты қару-жарақты қолдану болып табылады.
Ольга ШИЯН,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің инспекторы.