«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЙЛАНЫСЫМЫЗ НЫҒАЯ БЕРМЕК

Еуразиялық экономикалық одақ құру мәселесі бір күнде бола қалған жоқ. Ол туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыған дейін де мәселе көтеріп, өзінің еуразиялық интеграция идеясын тереңдете талдап, маңызды стратегиялық даму жолын айқындап берген болатын. Президентіміздің бұл идеясы жан-жақты сарапталып, талқыланды. 

Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Беларусь Республикасының басшылары Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттеріміз халықтың өсіп-өркендеуі үшін экономикалық әлеуетін біріктіріп отырғанын атап өтті. Ол мұның экономикалық одақ екенін және мүше мемлекеттердің тәуелсіздігі мен саяси егемендігіне қатысы болмайтынын айтты.

Ежелден көршісін Құдайындай сыйлайтын халқымыздың да, мемлекетіміздің де ұстанымы – көрші елдермен ынтымақтастық қарым-қатынаста болу. Бұл татулық Кеңес Одағы кезінде де болған. Әр мемлекет өз алдына егемен ел болып, тәуелсіздік туын тіккен шақта бұл ынтымақтастық бұрынғының жаңғыруы, жаңаруы деуге болады. “Біріккен екі бірлігі жоқ жетіні жеңеді” демекші, қазіргі алмағайып заманда бұл дұрыс қадам деп білемін. Ол жайында Президентіміз де: “Бұл Қазақстан, Беларусь және Ресей халықтарының достығының, тату көршілестігінің, өзара қолдауының ұлы жылнамасының жалғасы болатынына менің еш шүбәм жоқ. Бізді ХХI ғасырда еуразиялық интеграция әлеуетін бірлесіп жүзеге асыру міндеті күтіп тұр”, – деді.  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, Еуразиялық экономикалық одақ – бұл, ең алдымен, біздің елдеріміздің миллиондаған азаматтары үшін жаңа мүмкіндіктер көзі. Қатысушы елдерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы шарттар жасалып, еңбек ресурстары нарығы бірігуде, бұл кәсіби деңгейді көтеру мен еңбек өнімділігін арттырудың маңызды факторы болмақ.

Өзім білім жүйесінің өкілі болғандықтан, мені Еуразиялық экономикалық одақтың әрбір мемлекетінде білім беру қызметі мен әлеуметтік инфрақұрылымдарына тең қолжетімділік жағдайлары жасалатыны қуантады. Біздің білім ошағы – есту кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернат болғандықтан, өзгелерге қарағанда ерекшелігі бар, тәрбиесі де, әдістемесі де күрделі мекеме. Бұл жағынан келгенде Ресейдің тәжірибесі де, ғылым жүйесі де мықты. Біздің Ресей Федерациясының Шадринск қаласындағы осы санаттағы мектеп-интернатпен байланысымыз жақсы. Сондықтан осы байланысымыз Еуразиялық экономикалық одақ кезінде, тіпті, нығая түсетін болады.

Жангелді ТӘЖИН,

есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернаттың директоры. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp