«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАБАҚША САЛЫНЫП ЖАТЫР

«Жас өркен» – заман ырғағына сай қарқынды дамып келе жатқан шағынаудандардың бірі. Мұнда көпқабатты үйлерден бөлек, бірқатар әлеуметтік нысандар бар. Бұл аумақта үш балабақша жұмыс істегенімен, сұраныс әлі жоғары. Мектеп жасына дейінгі балақайлардың саны бір жарым мыңға жуық екенін ескерсек, орын жетіспеушілігінен кезек саны көбеймесе, азаятын түрі байқалмайды.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Горький көшесі бойында салынып, жыл аяғына дейін қолданысқа берілетін 280 орындық балабақшаның құрылыс барысымен танысты. Бас мердігер «Основание» ЖШС жүзеге асыратын жобаның құны – 2 млрд. теңге. Екіқабатты ғимараттың ауданы – үш мың шаршы метр. Келешекте 2 мен 6 жас аралығындағы балақайлар қабылданып, 10-12 топ құрылатын болады.

«Жеті жылғы үзілістен кейін, яғни былтырдан бастап білім беру ұйымдарының құрылысы қайта жандана бастады. Өткен жылы «Бірлік» және «Береке» шағынаудандарында заманауи үлгідегі балабақша пайдалануға берілді. Алдағы міндет – мектепке дейінгі біліммен қамтуды 98,5 пайызға жеткізу. Сондай-ақ орын тапшылығын шешу мақсатында қолданыстағы мекемелерді кеңейту белгіленген», – деді Ғауез Торсанұлы.

Өңір басшысы Жұмысшы кентіне апаратын көліктер жүктемесін айтарлықтай азайтатын Универсал көшесіндегі темір жол үстінен салынып жатқан өткелдің құрылысын тексерді. Құрылыс жұмыстарына 5 млрд. теңге бағытталған.

Облыс әкімі мердігер компания мен жауапты ведомстволарға жұмыс кестесін қатаң сақтауды және мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp