Рамазан – жақсылық, қайырымдылық, ізгілік қасиеттерге толы ай екенін діндарлар уағыздарында айтып қана қоймай, нақты іс-әрекеттермен де ұғындырып жүр. Жуырда “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай бастаған еріктілер тобы отбасылық үлгідегі балалар ауылына арнайы ат басын бұрып, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балдырғандарға қайырымдылық пакетін табыс етті.
– Біз мұндай ізгілік акцияларын Алла ризашылығы үшін жыл сайын өткіземіз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасына сәйкес биыл мың айдан да қайырлы Рамазанда тұрмысы төмен отбасылар мен мұқтаж жандарға да барынша көмек көрсетіледі. Қазіргі уақытта оларға 514 азық-түлік кәрзеңкесі үлестірілді. Ай соңына дейін оның мөлшерін 3 мың данаға дейін жеткіземіз, – деді бас имам.
Отбасылық үлгідегі балалар ауылының директоры Арыстан Әкімжанов әр жүрекке жылылық ұялатып, мұңды жүздерге шуақ себелейтін сауапты іске ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, осында тұрып жатқан 42 бүлдіршін мемлекеттің жан-жақты қамқорлығына алынған. Алаңсыз оқуға, тәлім-тәрбие алуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
“Жүрек жылуы” қайырымдылық шарасына мешіт жамағатымен бірге жергілікті қажылар қауымдастығы да белсене атсалысқан. Олардың қатарында жасы тоқсанды еңсерген Зейнолла қажы Олжабаев, жергілікті қажылар қауымдастығы төрағасының орынбасары Сәлима қажы Балтабаева және тағы басқалар бар.
Жан жадырататын сауапты істер бірреттік шаралармен шектелмек емес. Ауызашар орнына аз қамтылған жандардың үйлеріне әрқайсысы 5-6 мың теңге тұратын азық-түлік пакеттері жеткізіледі. Соңғы екі күнде 200 данасы таратылыпты. Өңірімізде тұрып жатқан диаспора өкілдері де Рамазан айы бойы ерікті түрде материалдық қолдау көмектерін беріп отыру туралы шешім қабылдапты.
Сурет: https://www.inform.kz/