Англия, Бельгия, Малайзия, Нидерланды, Канада, Америка, Сингапур, Швеция, Испания, сондай-ақ, басқа бірқатар еуропалық дамыған елдерде мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі ойдағыдай жүзеге асырылуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы “Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы” Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі еліміздің кез келген азаматына өзінің және балаларының болашақта орта техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарында, сондай-ақ, магистратурада білім алу ақысын төлеу мақсатында арнайы білім беру жинақтау депозиттерін ашу мүмкіндігін ұсынады. Жинақталған қаражатты елімізде және шетелдердің жоғары оқу орындарында оқу ақысын төлеуге жұмсауға болады.
Жинақталған салым қаржысы үш бөліктен тұрады. Біріншісі, салымшының салған ақшасы, екіншісі, айсайынғы капиталдандырылған банктің сыйақысы, үшіншісі, мемлекеттік сыйақы. Оның мөлшері жылына жинақталған қаражаттың 5 пайызын құрайды. Ал жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, даму мүмкіндіктері шектеулі жандар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін 7 пайыз сыйақы есептеледі. Азаматтардың білім беру жинақтарының сақталуына (10 млн. теңгеге дейін) мемлекет кепілдік береді.
Салымның мемлекет сыйақысымен көтермеленетін шекті мерзімі – 20 жылға дейін. Білім беру сомасының жалпы құнының 50 пайызын жинақтаған салымшыға Білім және ғылым министрлігінің қаржы орталығының 100 пайыз кепілдігімен кредит алу мүмкіндігі ұсынылады. Алайда, бұл шарт Қазақстан Республикасының аумағында ғана білім алуға қолданылады.
Қазақстан Республикасының кез келген азаматы жасына қарамастан, “Қазақстанның Халық банкі”, “Цесна банк”, “БТА банк” және “Forte bank”-тердің (бұрынғы “Темір банк”) бірінде салымшы болып, есепшот ашу мүмкіндігіне ие. Есепшот ашу тегін, бастапқы енгізілген жарна 3 айлық есептік көрсеткіштен кем болмауы керек. Қазіргі уақытта елімізде білім беру жинақтау жүйесі бойынша он бір мыңға жуық салымшы тіркелген. Солтүстік Қазақстан облысында 604 салымшы бар.
Депозитте қаражатты мақсатты жұмсау көзделген. Салымшының семестрлер бойынша оқытуды төлей отырып, жинақтауды одан әрі жалғастыру мүмкіндігі бар. Ол жағдайда банктің пайыздық өсімі мен мемлекеттің сыйақысын алады және академиялық кезеңнің ақысын үзбей төлеп отыруына болады. Білім мекемесінде оқуын бітіргеннен кейін депозитте қаражат қалса, екінші жоғары білім алуға немесе магистратураға ақша жинауды жалғастыруға құқылы. Сонымен қатар барлық қалған қаражатты жинақ уақытында есептелген банктің пайызы және мемлекеттік сыйақысымен қоса алуына болады.
Егер салымшы қандай да бір жағдайларға байланысты қаражат салуды тоқтатса немесе ақша қажет болып қалса, онда мемлекеттің сыйақысын кері қайтарып, банктің пайыздық өсімі мен жинақтаған ақшасын ғана алады.
Салымшыға білім беру гранты берілген кезде білім берудің өзге деңгейлерін (магистратура) игеру мақсатында ақша жинақтауды жалғастыруға, жинақталған қаржыны басқа баланың есепшотына ауыстыруға, банктің сыйақысымен және мемлекеттің сыйақысымен бірге алуына болады. Жинақтайтын ақша құны, мерзімі салымшының өз еркінде. Ол есепшотқа кезеңдік жарнаны өзінің материалдық жағдайына қарай ерікті және дербес түрде енгізеді.
Балаңыздың оқу ақысын төлеу қиындық туғызбас үшін мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі ұсынып отырған мүмкіндіктерді осы бастан пайдаланыңыздар.
Риад ШАРИМАН,
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігі
“Қаржы орталығы” АҚ-ның
вице-президенті.