Сайын дала Сарыарқа – ұлыларды дүниеге әкелген қасиетті жер. Қазақ әнінің туы тігілген өңірде Орынбай, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Сегіз сері, Нияз сері сынды дарабоз дарындар дүниеге келіп, қалың қазақ жұртын ән мен жырға бөледі. Қызылжар топырағында аққуға үнін қосқан “замана бұлбұлдарының” арасында сал-серілер дәстүрін жалғастырып, асқақ әнді жанына серік еткен ақын, әнші Игібай Әлібаевтың алатын орны ерекше.
Тыңдасаң мейір қандырар асқақ ән мен жүректен шыққан жырларын өмірінің мәніне айналдырған Игібай Тәжібайұлы – Жамбыл ауданындағы Айтуар ауылының тумасы. Жастайынан сөз өнеріне ерекше ден қойып өскен ол – күллі қазақ еліне өнерімен танылған тума талант, бірегей дарын иесі. Қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің “Өмір мектебі” атты романында Игібай Әлібаев жайлы: “Жүрген ортасын ән мен жырға бөлеген, кейінгі әншілерге үлгі болған қыз мінезді Игібайды халық мұғалімінен гөрі әншіміз деп шын көңілден құрмет тұтады”, – деген екен.
Ақынның “Айтуар” атты поэмасы туған жерге деген ерекше құрметтен туындаған шығармасы болса, “Біржан ауылында”, “Қош бол, жастық”, “Марқакөл” жырлары – ел аралаған кездегі әсерден туған құнды дүниелер. “Батырға”, “Биші қыз” өлеңдері – өз кезінде жоғары бағасын алған туындылар. “Бала жирен” де естіген жанның айызын қандырар тамаша ән. Айтыс өнерінде, ән әлемінде аты әйгілі Игібай Әлібаевтай дара тұлғаның шығармаларын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында, оның әндерінің шығу тарихына тоқталып өткен артық болмас.
Кез келген әннің орындалу ерекшелігі, шығу тарихы болады. Ал “Екі жиренге” ұқсас Игібай Әлібаевтың “Бала жирен” әнінің шығу тарихы әркімді қызықтырары анық. Бұл орайда, осы әнге қатысты тың деректер бар. Оны кезінде Игібай Әлібаевтың зайыбы – Гауһар апамыздың ағасы Серікбай Жекеевтің баласынан жазып алған едім. Өз естелігінде Шаншар Жекеев туыстық қарым-қатынастың арқасында жездесінің үйіне жиі барғанын, жақсы араласқанын айтады.
– Бір жылдары олар Ольгинка ауылында тұрды. Мен де күн құрғамай барып тұрдым. Бірде жездемнің үйіне келсем, Иекең домбырасын шертіп, баяу дауыспен ыңылдап ән айтып отыр екен. Кірген бойда оған сәлем берудің орнына, әнге құлақ салдым. Тыңдасам, “Екі жирен” әніне ұқсайды. Бірақ әннің орындалуында біршама өзгеріс бар. Таңғалып тыңдап тұрған мені Иекеңнің: “Әй, мырза, сәлемің қайда?” – деген сөзі ыңғайсыз жағдайға қалдырды, – дейді ол.
Сәлем беріп, амандық біліскен соң, Игібай Әлібаев шығарманың тарихымен таныстырған.
“Бүгін түнде түс көрдім. Түсімде Үкілі Ыбырай келіп: “Сен мынау әнді айт, сөзі мынандай, аты мынандай, орындалуы былай”, – дегені. Ойбай-ау, бұл кәдімгі “Екі жирен” емес пе десем, жоқ сен мына жерлерін көтере, былай-былай айт деп маған осы әнді үйрете бастады. Содан ояна кеттім де, әлгі әнге өлең жазып, әнін үйреніп отырғаным мынау. Ал тыңда, өлеңнің аты “Бала жирен”, сөзі мынандай, “Екі жиренге” ұқсас келеді. Бірақ арасында өзгерістер бар, деп баяу дауыспен әнді бастап кеткен жездесі құлақ құрышын қандыра ән шырқаған. Оның айтуынша, бұл әннің тағы бір сыры бар.
Игібай Әлібаев Алматыда Сәбит Мұқановтың үйінде болған бір отырыста осы әнді айтқан. Сонда Жүсіпбек Елебеков әлгі әнге қызығып, қағып алып үйренгенімен, сөзін жазып алмаған. Әйтсе де, есінде қалған бұл әнді “Екі жиреннің” екінші түрі ретінде талай концерттерде орындаған екен.
Жүсіпбек Елебековтың орындауындағы “Екі жирен” әні дәстүрлі әнші Біржан Есжановқа жақсы таныс. Біздің үйге сәлем бере кірген әншіге Игібай Әлібаевтың “Бала жирен” әнінің сөзін көрсеттім. Ол сөзі мен әуені келіскен әнді орындайтынын қуана жеткізіп, ризашылығын білдірді. Кейін “Бала жиреннің” әні мен сөзін Қазақстанның халық әртісі, ұстазы Қайрат Байбосыновқа жеткізетінін айтты.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.
“БАЛА ЖИРЕН” ӘНІ
Баласы боз жорғаның бала жирен,
Басына бәйге сайын бала мінген,
Мәпелеп кілем жауып әшекейлеп,
Жібекпен жал-құйрығын бірдей өрген.
Аһ-ау, бала жирен
Әнім сүйген.
Кербезден кекіліңе
Маржан түйген.
Аты екен бұл әнімнің “Бала жирен”,
Бірақ мен білмеуші едім бала күннен,
Дәл бүгін ақын Ыбырай түсіме еніп,
Бұл әнді – “Бала жирен” – сонда үйренгем.