Жасым сексенге қараса да, оқушы кезден бері газеттегі әрбір мақаланы ой елегінен өткізетін жақсы әдетім әлі қалған жоқ. Әрі бүгін “теледидар, интернет барда, газеттің қажеті бар ма?” дейтін кейбір адамдарды мен түсінбеймін. Газеттегі әр сөзді көңілге әбден тоқу үшін мәтіннің басынан-аяғына дейін көзіңді әрлі-берлі жүгіртесің, керек болса, ертеңіне қайта оқи аласың. Сүйікті басылымым “Soltústіk Qazaqstan” газетін осылайша “зерттеп” шықпайынша, менің ішкен асым ас болмайды.
Маған бұл газеттің иісі де қымбат. Кезінде “Ленин туын” дауыстап оқытқызып, көкірегімді оятып, сауаттылыққа үйреткен әкемді еске салып тұрады. Сондықтан аптасына үш күн пошташы қыздың жолын тосумен боламын. Ол болса газетті қолыма құдды марапат ұстатқандай тапсырып, мені риза қылғанына қуанады.
Мен мәдениет саласында көп жылдар еңбек еттім. Бес баланы өсіріп, ержеткіздім. Бүгінде елдің тілеуін тілеп, берекесін ойлаумен отырған жанмын. Ежелден бері халқымыз ұрпағын жақсылыққа үйреткен. Сол сияқты мен де айналамдағыларға әр нәрсенің жарқын тұстарын іздеп, өсек, өтірік әңгімеге берілмеуін сұраймын. Осы ретте жақсының жақсылығын асырып, елге түзу жолды нұсқайтын “Soltústіk Qazaqstan” газетін оқуға кеңес беріп, ондағы кейіпкерлерді өзгелерге үлгі етіп жүремін. Расында, бұл басылымның үйретері көп. Ол әрдайым халықпен бірге күн кешіп келеді.
Авторлар демекші, бұрындары өзім де түрлі тақырыпта қалам тербеп, газетке жөнелтіп отырғанды ұнататынмын. Ал қазір кезінде қоғамдық жұмыстар бойынша жолымыз түйісіп тұрған Ескендір Елеусізов, Қайролла Мұқанов сынды замандастарымның айтар сөздерін осы басылымнан іздеймін. Газеттің мазмұнын келтіріп, бетін ашатын – әрине, журналистер. Мұндай мамандарға газетіміз ешқашан да зәру болмаған.
Айман РАИСОВА, зейнеткер.
Қызылжар ауданы, Бескөл ауылы.