
Облыстық бейнелеу өнері мұражайында “Гармония” студиясының ұйымдастыруымен “Шай ішу рәсімі: дәстүр, сырласу, үндестік” атты көрме өтті. Көрмеге “Гармония” студиясы мен “Жас дарын” өнер мектебінің мүшелері, сондай-ақ, жас суретшілер қатысты.
Аталмыш шараның негізгі мақсаты – жас өнерпаздардың талпынысына қолдау көрсетіп, түрлі халықтардың шай ішу дәстүрлерімен таныстырып, көрермендердің көркемдік талғамын қалыптастыру. Көрмеге бүлдіршіндердің 100-ден астам туындылары қойылды. Жас өнерпаздар шыныаяқтар, тәтті тоқаштар, дастарқандар сынды әр елдің шай ішу рәсімінде қолданылатын заттарды өз қиялдарымен қайың қабығынан, маталардан және түрлі түсті қағаздардан әдемі әрі шебер жасады. Солардың бірі – Алина Сауытбаева. Өнер мектебінің шәкірті Алина:
– Мен шайнек бейнесіндегі сағатты жасап шығардым. Оны моншақтармен безендірдім. Көрмеге қатысу арқылы сурет салып, мүсіндеуге қызығушылығым арта түсті , – дейді.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.