
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл қаласында салынып жатқан екі балабақшаның құрылысымен танысты.
Мир және Строительная көшелерінің қиылысында орналасқан 320 орындық балабақшаның құрылысын “Петрострой-Люкс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында қадасы қағылған балабақшаның құрылысы өткен жылы басталып, оған 713 миллион теңге қаржы бөлінген болатын.
– Үстіміздегі жылы облыстағы мектепке дейінгі мекемелерде жаңа 1263 орын ашу жоспарланды. Оның 975-і Петропавл қаласына тиесілі. Бүгінде өңірімізде балабақша кезегінде тұрған балалардың саны жылдан-жылға артуда. Сондықтан тиісті жұмыстарды сапалы жүргізіп, уақытында аяқтау қажет, – деген облыс әкімі Ерік Сұлтанов құрылысты шілде айына дейін бітіруді тапсырды.
Серіктестік директоры Николай Кошиковтың айтуынша, жұмысқа тартылған 150-ге жуық маман бел жазбай жұмыс істеуде, жылу құбыры мен электр желісін тартқан. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары қолға алыныпты, алдағы уақытта балабақша аумағын абаттандыру көзделіп отыр.
Сондай-ақ, аталмыш серіктестік Айыртау-Рига-Набережная көшелерінің қиылысындағы жекеменшік балабақшаның құрылысын да аяқтауға жақын. Бүгінде жауапты мамандар су құбырын, электр энергиясы мен коммуникация желілерін тартып үлгерген. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 200 бүлдіршін тәрбиеленбек. Құрылыс жұмысы жоспарға сай жүргізілсе, нысан тамыз айында пайдалануға берілмек.
Өңір басшысы аталмыш серіктестік басшылығына нысанды уақытында беру үшін құрылыс жұмысын тыңғылықты әрі сапалы жүргізуді, жұмысшылар санын көбейтуді тапсырды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.