Күздің жазға бергісіз жайма-шуақ күндерінің бірінде аулада сәбиіммен серуендеп жүргенмін. Біз тұратын көпқабатты үйдегі терезелердің бірінен қаулай өскен көкті байқап қалдым. Жақын барғаным сол, кәдімгі күн сайын тұтынып жүрген қиярлардың балконда өсіп тұрмасы бар ма? “Е, бұл көршілеріміз Аян ағай мен Шарбану тәтеміздің пәтері ғой”, – дедім ішімнен.
…Үйге қатысты мәселе қаралған бір жиналыстан соң көршілерімізбен шүйіркелесе қалдық. Шарбану апайдың жұмыстан келген беті. Көзім тағы олардың жасыл желекке оранған балконына түсті. “Отағасы балконды жайнатып қойыпты ғой”, – дедім таңданысымды жасырмай. Аян ағайдың биология маманы екенін білетінмін. “Ол көкөністерді өсірген өзім ғой. Ағаларыңның еш қатысы жоқ”, – деді көрші тәтеміз.
Әңгімелесе келе, көкөніс өсіру Шарбану Ағыбайқызының біраздан бері айналысып жүрген сүйікті ісі екенін білдім. Бұрынырақта қиярды, қызанақ пен сәбізді, орамжапырақты саяжайында өсіріп келген. Соңғы уақытта денсаулықтары қала сыртына барып, бел жазбай еңбек етуге мүмкіндік бермей жүрген көрінеді. Бірақ ол сүйікті істеріне бөгет болсын ба? “Көк желекті өзің тұрып жатқан көпқабатты үйде де өсіруге болады. Ең бастысы, еңбекке деген құштарлық болса жеткілікті”, – дейді Шарбану тәте.
Көкөністі қалай баптауды ауылдан шыққан жұрттың көбі біледі ғой. Олар да жас күндерінде шөбі шүйгін, топырағы құнарлы елді мекеннің тірлігіне қанық. Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында тұрғанда көкөністерді дүкеннен сатып алған кездері жоқ. Олардың түр-түрін есік алдындағы алақандай жерге егіп, күзде жинап алатын. Маңдай термен келген өнімнен түрлі тағамдар әзірлеп, қысқа азық жинайтын. “Үйдегі үлкендерден үйренгеніміз бойға әбден сіңіп, кейін қалада тұрсақ та жердегі еңбексіз отыра алмайтын болдық. Қазір кішкене бақшамыз балконымыздан орын тапты”, – дейді Шарбану Сапарова.
Қызанақ пен қиярды Шарбану Ағыбайқызы балконда осымен екінші маусым баптап жүр екен. Негізгі жұмыс ақпан айында басталады. Жақын маңдағы дүкеннен арнайы тұқым мен құнарлы топырақ сатып алады. Жұртшылық базарға сабылып жүргенде олар мамыр айында балконда өсірген өнімдерін тұтынған. “Қияр мен қызанақты балконда өсірудің ешқандай қиындығы жоқ көрінеді. Күнделікті суарып, топырағын қопсытып, күтім жасайсың. Көшеттер арнайы сүзгіден өткен сумен ғана суарылады. Сонымен қатар топырақты арнайы қоспалармен құнарландырып, қажетті минералдар қорын сақтап отырса жеткілікті.
Көкөніс күтімі айтарлықтай көп уақытты қажет етпейді. Оның үстіне жұбайы Аян ағай да білгенімен бөлісіп, көмектесіп тұрады. Қызанақты күздің алғашқы айларында үйге кіргізіп, терезенің жақтауында өсіруге де болады. Ал қиярдың маусымы күн суығанда аяқталады. Өйткені, қияр сабақтары жайылып, балкондағы арнайы жіптермен өріліп бірге өседі. Дегенмен, күн райы жылы болса, қазанға дейін күтірлеген қияр жеуге болады. Ол үшін Шарбану тәте шілде айында тағы бір жас қияр көшетін отырғызыпты.
“Балкондағы бағбаншылық, әсіресе, қаланың жас тұрғындары үшін қажет дүние деп санаймын. Көпқабатты үйде тұратын олар ауылдағы мал дегенді де, үй маңындағы бақша дегенді де білмей өседі. Мұндай ермек оларды еңбекке баулиды. Өсімдіктер әлеміне деген қызығушылықтарын оятады”, – дейді Шарбану Сапарова.
Біздің үйдің өзінде қызанақ пен қиярдың дайын көшеттерін тағы бірнеше көршіміз алып, Шәрбану Сапарова сияқты жайқалтып қойыпты. Мен де алдағы көктемде қолға алуды ойлап қойдым.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.