Тайынша ауданындағы ауыл шаруашылығы құрылымдары ала жаздай баптаған астықты қамбаға құюда. “Баптай білсең – жер жомарт” дегендей, ырыздық-несібесін жерден тапқан диқандар мол өнімге кенелуде. Бұл орайда, “Ильич-Тайынша” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетістіктерін көпшілікке үлгі еткен жөн.
Аудандағы ең ірі ауылшаруашылығы құрылымына Талғатбек Тоқтыбаев басшылық етеді. Орақ науқаны аяқталуға жақын. Биыл астықтың шығымы жақсы. Гектар берекелілігі 18 центнерден айналуда. Арпаның шығымдылығы гектарына 22,5 центнер болса, жасымықтан да мол өнім түсуде. Егін орағына барлық техника жұмылдырылған. Қырда еңбек қызған шақта жұмыскерлерге де тиісті жағдай жасалғанын атап өткен жөн. Серіктестікте асхана, монша, демалыс орны, жаңартылған техника паркі мен жөндеу цехы бар. Іскер басшының қолдауына дән риза еңбеккерлер де өздеріне артылған сенімді ақтауға тырысуда.
Гүл НҰРАЛИНА.
Тайынша ауданы.