Жақында республикалық БАҚ-тарда Солтүстік Қазақстан облысында егінді жинау туралы мәлімет бұрмаланып отырған сияқты деген мағынада Ұлттық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің хабары жарияланды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың айтуынша, дәнді дақылдардың 2674 мың гектары немесе 81 пайызы, майлы дақылдардың 154,0 мың гектары немесе 25,7 пайызы жиналды. Дәнді дақылдардың әр гектарынан – 15,4 центнерден, майлы дақылдардан 11,7 центнерден өнім алынуда.
Бұған қоса, ғарыштық мониторингтің мәліметіне сәйкес 2014 жылғы 15 қазандағы жағдай бойынша Солтүстік Қазақстан облысында жиналған алқап 77 пайызды құрады, осының өзі жергілікті атқарушы органдардың ақпарын растай түседі.
Күзгі орақ науқанына, соның ішінде техникаларды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бойынша тиянақты әзірлік жұмыстары жүргізілді. Қазақстан Республикасы Үкіметі облысымызға 72 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлді. Бұдан басқа, облыстың элеваторларына астық кептіру үшін 18,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны берілді, оларды облыстың тауар өндірушілеріне жөнелту жалғасуда. Тұтастай алғанда, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде жанармай тапшылығы жоқ.
Биылғы ауа райы жағдайы барынша қолайсыз болды: жазғы-күзгі уақытта ылғал 1,5-2 есе көп түсті. Жаздың салқын болуы дәнді дақылдардың кеш пісуіне әкеліп соқтырды. Қыркүйек айының жауынды-шашынды, қазан айының суық болуы орақ науқанына толық кірісуге мүмкіндік бермеді: барлығы 18 күн ғана қолайлы болды.
Жауған жауынға, қар мен суыққа қарамастан, ауыл шаруашылығы құрылымдарында астық жинау толастаған жоқ.
Орақ науқанын ұйымдастыру жөнінде тәулік бойы жұмыс істейтін штабтар құрылды. Комбайндар күні-түні астық бастыруда.
Өңірде жалпы сыйымдылығы 3,7 млн. тоннаны құрайтын 58 лицензияланған астық қабылдау қосыны тәулік бойы жұмыс істеуде. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерде астық сақтайтын 2,7 млн. тонналық сыйымдылық бар. Элеваторларға жаңа орақтың 1,3 млн. тонна астығы түсті, оның 74 пайызы – үшінші сыныпты бидай. Егін алқабынан жеткізіліп жатқан астықтың ылғалдылығы 25-тен 30 пайызға дейін. Облыстың элеваторлары мен агроқұрылымдардың өзінде астық кептіруге арналған 274 қондырғы бар.
2015 жылдың астығы үшін 365 мың тонна тұқым құйып алынды, ол – қажетті тұқым мөлшерінің 73 пайызы. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.
“Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ бидай мен арпа сатып алу бағасын біршама көтергендігін атап айту керек. Компанияның ресми мәліметі бойынша, үшінші сыныпты бидайдың бір тоннасы үшін 42 мың теңге ұсынылып отыр, ал төртінші және бесінші сыныпты бидай сәйкес түрде 35-30 мың теңгеге бағалануда.
Ауа райының қолайсыз жағдайына қарамастан, бүгінгі күні облыстың 341 шаруашылығы орақ науқанын аяқтап шықты. 1 қарашаға дейін екі ауданда егін жинау толығымен аяқталады. Олардың техникалары көрші аудандарға жіберілетін болады.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.