“Солтүстік Қазақстан” газетінің мен үшін орны бөлек. 1954 жылы мамыр айының үшінші онкүндігінде 10-сыныпты тамамдауға арналған мемлекеттік емтиханның алды еді. Смирново орыс орта мектебінің 10-сыныбын қазақ тілінде аяқтағалы тұр едім. Ол кезде облыстық газет “Ленин туы” атауымен жарық көретін. Облыстық газеттің бас редакторының кабинетіне шақырылдым. Редактор “Сен биыл орта мектепті озық тамамдап тұр екенсің. Мектептегі емтиханды аяқтаған соң біздің ұжымға қызметке кел. Саған ұсынғалы отырған қызмет – газеттің жауапты хатшылығы. Бас редактордан кейінгі лауазым иесі боласың”, – деді.
Жоғары оқу орнына сырттай түсіп, оқи алатындай жағдай жасап, бір жылдың көлемінде баспанамен қамтамасыз ететін болды. Отбасыммен көшіп келетіндей жағдай жасалатынын айтты. Бірақ мен бұл ұсынысты қабылдай алмадым.
Байқасам, содан бері жарты ғасырдай уақыт зымырап өте шығыпты…
Сол күндерден бері облыстық газеттен қол үзбедім. Ылғи жаздырып алып оқимын. Газеттің қызметкері болмасам да, 1963 жылы байланыс саласына қызметке кіріскеннен басылымның таралуына қолғабыс жасауға тырысып бақтым. Және оқырмандарға уақтылы жеткізіп тұруына тұрақты түрде үлес қостым.
Кеңес өкіметінің кезінде қазақ тіліндегі газеттің таралуы өте қиынға соқты. Себебі, мектептердегі оқу барысы негізінен орыс тілінде болды. Күнделікті тұрмыста да орыс тілі басымдықта еді. Сонда да қазақ отбасыларына қазақша газеттерді жаздыруға ықпал жасайтынбыз.
Газеттің тұрақты оқырманы ретінде басылымның сапалық деңгейі күннен-күнге жақсарып келе жатқанына қуанамыз. Елдегі тың өзгерістер мен жақсылықтарды облыстық газеттің әр нөмірінен асыға күтеміз. Және өзге тілде шығатын қос газетті қатар ала отырып, мемлекеттік тілде жарық көретін газеттің тиражы аз да болса, өсе бастағанына қуаныштымыз. Бұл оқырмандар арасында өз тілімізге деген көзқарастың түзеле түскенінің бір сипаты болса керек.
Жеткен жетістіктерін нығайта отырып, ұйымшыл газет ұжымы зор табыстарды еңсеріп, қалың оқырманның сүйікті басылымы бола беретініне нық сенемін.
Тілек ӘБДІРАХМАНОВ, еңбек ардагері.