Шаңырақ” қосымшасының өткен санында (07.01.2016 ж.) “Жиендік дәстүрін жоғалтпайық” деген тақырыпта шыққан сауалнаманы оқып, ойға қалдым. Бұл – орынды қозғалған мәселе. Шыны керек, қазір кейбір салт-дәстүрден қол үзіп қалдық. Әсіресе, жастар жағы жылдар бойы жалғасын тапқан ғұрыптарды біле бермейді.
Бүгінде кейбір дәстүр сақталғанымен оның аты өзгерген. Мәселен, бұрындары “Түйемұрындық” деген салт болған. Яғни, қыз ұзатылып бара жатқан кезде ауыл адамдары жолда тұрып, одан кәде сұраған. Қыздың қолынан кәде алғандар оған бақыт тілеп, үлкендер жағы бата берген. Қазір мұндай ғұрып мүлдем жоқ.
“Арқан тарту” дәстүрі де осыған ұқсас. Сол сияқты үлкен апасы тұрмысқа ұзатылғанда бұрындары одан кейінгі сіңлісіне басқа тартатын орамал беретін. Бұл “Шарғы” дәстүрі деп аталатын. Қазір орамал салу деген жоқ, есесіне, кейбір жерлерде қалыңдықтан кейінгі қызға алтын сияқты бағалы заттан сыйлық жасау бар. Бұл да дәстүрдің жаңашаланған жалғасы болғанымен, жастар жағы оның нақты атын ұмытқан.
“Іле салу” деген де жақсы дәстүр болған. Жаңа түскен келінді жұбайының ағайын-туыстары үйлеріне қонаққа шақырып, жақын танысатын. Бұл салттың жалғасы бүгінде бар, өкінішке қарай, оның да нақты атауын үлкендер білмесе, кейінгі толқын мән беріп жатқан жоқ. Көпшілік қазір мұндай шақырыстарды “Келінге шай бердік, есік көрсеттік” дегендей сөздермен түсіндіріп жатады. Бұлардың барлығы ұлттық құндылықтарымызды дұрыс білмегенімізден. Осындай заты бар болғанымен атын өзгертіп алған салтымыз аз емес. Оларды кейінгілерге үйретіп, айтып отыру керек деп ойлаймын.
Сипат КЕНЖЕБАЙ,
зейнеткер.
Есіл ауданы.