«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАР БІЛІМІМІЗ – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ

Бүгінгі таңда жастардың жан-жақты дамып-жетілуі, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде білім алулары үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Жаңа буын өкілдеріне осындай сенім артылып отырғандықтан, шетелде алған біліміміз бен тәжірибемізді ел игілігіне жұмсауға тиіспіз.

Осыдан 27 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған “Болашақ” бағдарламасы арқылы талай қазақстандық жас мұхит асып, шетелде білімін жетілдіріп келді. Бүгінгі таңда аталған бағдарлама қарапайым қазақ жастарының дүниенің төрт бұрышына барып, “инемен құдық қазып” қайтуына жасалған теңдессіз мүмкіншілік. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, алдыма қойған арман-мақсатымды жүзеге асыруды көздеген жастардың бірі менмін.

Жамбыл ауданындағы Баян ауылында дүниеге келіп, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін “Биология” мамандығы бойынша тамамдадым. Жоғары білім алғаннан кейін оны тәжірибе жүзінде іске асыру мақсатында еңбек жолымды осы өңірде сот сараптама қызметінен бастадым. Бір байқағаным, қазіргі таңда жергілікті жерде сараптамалық зерттеудің қаншалықты сапалы және жан-жақты жүргізіліп жатқаны жөнінде бірқатар өзекті мәселелер бар. Соның ішінде саланы жетілдіру үшін білікті мамандарды даярлауға баса назар аударған жөн. Өзім таңдаған мамандықтың өзектілігін, жауапкершілігін жақсы түсінгеннен кейін өткен жылы “Болашақ” халықаралық бағдарламасы бойынша шетелде білімімді жетілдіріп, тағылымдамадан өтуім қажет деген шешім қабылдап, құжаттарымды тапсырдым. Бағым жанып, бүгінде Лондон қаласындағы “King’s college London” мемлекеттік білім беру мекемесінде білімімді жалғастырып жатырмын. Мен үшін маңызды жайттардың бірі мұндағы оқу арқылы білім деңгейімді толықтырып қана қоймай, шетелдік сарапшылардан тәжірибе жинақтауға мүмкіндік мол. Өйткені, оқуымды аяқтағаннан кейін сот-сараптама қызметінде тың идеяларымды жүзеге асырып, молекулярлық-генетикалық зерттеу саласында ғылыми жұмыстар мен методикалық әдістемелер әзірлемек жоспарым бар.

Расын айту керек, шетелде өмір сүріп жатқан немесе білімін жетілдіру үшін аттанған жастар өз тарихын, салт-дәстүрлерін білмейді, сақтанбайды деген көзқарас қалыптасқан. Алайда, біз еліміздің тарихынан, мәдениетінен, руханиятынан сусындап өскендіктен, ата-баба жерінің қадірін қашанда сезінеміз. Сондықтан біз, жастар, елімізде жасалған мүмкіндікті тиімді пайдалану арқылы мемлекетімізді одан әрі жетілдіруге талпынып, болашағымызды байланыстырған саланың дамуына аянбай күш салуымыз керек.

Мәдина ЖАНДОСОВА,

“King’s college London” университетінің студенті.

Ұлыбритания.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp