Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында “Нұрлы жер” тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруды Үкіметтің таяу келешектегі басымдықты міндеттерінің бірі ретінде атап көрсеткен болатын. Бағдарлама алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуді көздейді.
Бұл бағытта біздің өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Осы және өзге де мәселелерді кеше Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында жұмыс сапарымен облысымызға келген “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мен Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қайролла Ғалеев баяндады.
2012 жылы облыс орталығында “Өңірлерді дамыту – 2020” мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бір мың пәтерлік 17 көпқабатты үй салынды. Қазіргі уақытта Петропавлдағы қарқынды дамып келе жатқан “Береке” шағынауданында және Жәлел Қизатов пен Семашко көшелерінде жеті үйдің құрылысы жүргізілуде. Пәтерлер үстіміздегі жылдың соңына дейін тапсырылмақ.
Ләззат Ибрагимова бағдарлама аясында ипотекалық қарыздарды субсидиялау, құрылыс компаниялары үшін қарыз мөлшерлемесінің бір бөлігін жабу жолымен жеке құрылыс салушыларды ынталандыру, “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің” АҚ-ның салымшылары және жергілікті әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтар үшін несиелік тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту шаралары алдағы уақытта қолданылатынын тілге тиек етті. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуді көздейтін бағдарламаның талаптары мен шарттарына солтүстікқазақстандықтардың дайын еместігін де бүгіп қалмады. Өйткені, үйдің кезегінде тұрған жерлестеріміздің біразы бастапқы жарнаны жинауға асықпайды.
Қайролла Ғалеев облыс орталығынан шеткері орналасқан Солнечный кентінде екі мың шаршы метр жер телімі бөлінгенін, онда биыл 200 жеке үй салынатынын жеткізді. Құрылысты жүргізетін төрт мердігер компания жұмысты бастап кеткен. Аумақтың инфрақұрылымы үшін мемлекеттік қордан 1 миллард теңге қаржы бөлінген. Әр үйдің бір шаршы метрінің құны 100 мың теңгеден аспайды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.