«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСПАНАЛЫ БОЛУ – БІР БАҚЫТ

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыс орталығында көп жылдар бойы үй кезегінде тұрған жүз отбасы баспаналы болды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов «Береке» шағын ауданында орналасқан 5-қабатты жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысып, баспана бақытына бөленгендермен кездесті.

Жылы, әрі жайлы үш бөлмелі пәтерге ие болғандардың бірі – Шаяхметовтар отбасы. 11 жыл бойы өзгенің баспанасын жалдап келген отағасы Мерей Тұрғынбекұлының қуанышында шек жоқ. Төрт баланың әкесі облыс орталығындағы мемлекеттік органдардың бірінде жүргізуші болып істегенімен, зайыбы екеуінің табысы пәтер ақысы мен күнделікті керек-жарағынан артылмайды. Олар ұзақ жылғы армандарының орындалып, соңғы үлгіде тұрғызылған үйден баспаналы болғандарына аса қуанышты. Жастайынан жетім өскен қала тұрғыны Кристина Андреева да аталмыш үйден 2 бөлмелі пәтерге ие болып отыр. Ол да бұл қуанышты ұзақ күткен. Бұған дейін жас ана екі кішкентай сәбиімен бір бөлмелі пәтерді жалдап келген.


«Құрылыс-СК» ЖШС салған үйдің 30 пәтеріне көпбалалы отбасылар қоныстануда. Өңір басшысының айтуынша, бұл санат бойынша кезекте тұрған қалған 300 отбасы да көп кешікпей су жаңа пәтерлермен қамтасыз етіледі. «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – басты бағыттарымыздың бірі. Осыған сәйкес облыста тұрғын үй құрылысы ерекше қарқынмен жүргізіліп келеді. Соңғы жылдары баспана кезегін күткендердің көпшілігі қоныстойын тойлады. 2018 жылы біз облыс орталығының өзінде 2 мыңнан астам пәтерді пайдалануға бердік. Биыл 2240 отбасы баспанаға қол жеткізді. Ал келесі жылы кезекте тұрған 800 шаңырақ қоныстойын тойлайтын болады», – дей келе, Құмар Іргебайұлы жаңа үйдің тұрғындарын құрылыс саласының жұмыс барысымен таныстырды. Мәселен, алдағы уақытта тозығы жеткен жеке үйлердің орнына жайлы көпқабатты тұрғын үйлер тұрғызылса, заңсыз иемденген жерлер мемлекет меншігіне қайтарылатын болады. Облыс орталығында тұңғыш рет 18 қабатты үйдің құрылысы жүргізілуде.  

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp