«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТЫ ӨЛШЕМ – ТҰТЫНУШЫЛАР БАҒАСЫ

2006 жылы пластикалық терезе, есіктер жасауды қолға алған “Заңғар ЛТД” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – бүгінде отандық нарықта өз орны бар кәсіпорын.

2000 жылдардың бас кезінде құрылыс материалдарын сатумен айналысқан серіктестік 2006 жылы пластикалық терезелер жасауды қолға алған. Бүгінде нарықта өзінің лайықты орнын тапқан “Заңғар ЛТД” ЖШС осы уақыт ішінде тұтынушылар тарапынан жақсы бағаланып жүр. Өсті, өркендеді. Бүгінде қанатын кеңге жайған серіктестіктің қарымды қадамы көңілге қуаныш ұялатады. Жазда 50 адам жұмыс істесе, мұнда қазіргі таңда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өйткені, жаз айларында құрылыс жұмыстарының қызу жүргізілуіне байланысты жұмыс күшіне сұраным екі есе дерлік ұлғаяды. Негізінен пластикалық есік, терезелерге қажетті шикізат Астана, Қарағанды қалаларынан тапсырыс арқылы жеткізіледі. Өткен жылы рубльдің құлдырауына байланысты Ресейден де қажетті құрылыс материалдары сатып алынған.

Серіктестік цехында тұрған станоктар – Түркиянікі. Сапалы, заманауи пластикалық есік, терезе құрастырып шығаруда бұл қондырғылардың атқаратын рөлі ерекше. Мүмкіндік болса, тағы бірнеше станок сатып алуды жоспарлап отырған аталмыш серіктестіктің басшысы Серік Мәкенов алдағы уақытта қосымша жұмыс орындары ашылатынын зор сеніммен жеткізді. Күніне 50-100 терезе мен есік жасайтын заңғарлықтар тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Ал мұнда жұмыс сатылай жүреді. Серіктестікте өз ісінің шынайы мамандары аз емес. Бір қызығы кез келген маман сатылай жүретін жұмыстың барлығын меңгерген. Былайша айтқанда, әмбебап. Өйткені, қазіргі заман талабы осы. “Үйренгенi өздеріне, iстегенi маған жақсы”, – деп әңгіме барысында жеңіл әзілдеген Серік Сұрағанұлының сөзінің жаны бар. Жаңа мыңжылдыққа қадам басқан тұста кәсіпорынды жандандырып, жұмысты ширату керек болды. Ол үшін ең әуелі білікті мамандар қажет. Осы орайда серіктестік директоры он шақты жігітті Қарағанды қаласына апарып, пластикалық терезелер жасаумен айналысатын фирмаларда тәжірибе жинақтауларына жағдай жасаған. Білім, білігін қалыптастырған мамандар – бүгінде өз ісінің нағыз шеберлері. Цехта жұмыс істейтін жігіттердің еңбекқорлығы мен талпынысына, жұмысқа тиянақтылығына басшы да дән риза. Бастысы, клиенттер тарапынан жақсы пікірлер айтылуда. Өйткені, жігіттер үшін саннан гөрі сапа маңызды.  

– Жаңадан ашылған тұста көп қиындық көрдік. Әрине, кез келген жұмыстың өз қиындығы болады. Сондықтан қайтсек те отандық нарықта өзіміздің орнымызды табуға барынша күш салдық. Жігіттердің еңбекке құлшынысының арқасында жақсы нәтижеге де қол жеткіздік. Петропавл мен облыс аудандарын былай қойғанда, Астана, Көкшетау қалаларынан да тапсырыс көп болды. Қазір бәсеке заманы. Ал бәсекеге төтеп беру үшін өнім сапасы жоғары болуы тиіс. Сондықтан бәсекелестік ортада біз тек қана сапалы жұмыс істейміз, – дейді Серік Мәкенов.

“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекші, ел экономикасының дамуына аз да болса өз үлесін қосып отырған кәсіпкердің ілкімді істері көңіл қуантарлық. Оның мырзалығын да айтып өтпеске болмас, сірә. Өндіріс цехы Жұмысшы кентінде орналасқан. Осы орайда Серік Сұрағанұлы бастаған өндіріс цехының жігіттері Жұмысшы кентіндегі Лермонтов көшесіндегі жолдардың шұңқырына қиыршықтас төсеп, тегістеген. Бизнеспен қатар, қайырымдылық шараларын да естен шығармайтын іскер басшының кісілігі мен кішілігі бар. Осындай ел қамын ойлаған азаматтардың қайырымды ісі өзгелерге үлгі-өнеге болмақ. Петропавл қаласындағы әлеуметтік нысандар мен жаңадан салынған бірқатар тұрғын үй кешендеріне есік, терезелер орнатып, жекелей тапсырыс берген тұрғындарды да разы қылған серіктестіктің алға қойған жұмыс жоспары көп. Қазіргі таңда олар Астана қаласынан алған тапсырыс бойынша жұмыс істеуде. Босқа отыру жоқ.

Өндіріс цехының басшысы Жылгелді Ережепов кәсіпорында әртүрлі пішінде есік-терезе жасауға мүмкіндік барын жеткізді. Менеджерлердің қабылдаған тапсырысы бойынша цехта түрлі пішінде есік, терезелер құрастырылып, жасалады. Сантиметр, миллиметріне дейін өлшенеді. Есік, терезенің жақтаулары арнайы станоктар арқылы бір-бірімен сәйкестендіріледі. Ал олардың қырлары үтік станогымен тегістеледі. Кейін әйнек шынылары салынады. Ең соңғы процесс – монтаж жұмыстары. Яғни, дайын өнім тиісті жерге жеткізіліп, орнатылады. Атқарылатын шаруа айтуға ғана оңай. Оның да өзіндік қиындықтары жетіп артылады. Былайғы жұртқа онша қиын болып көрінбегенімен, істейтін іс аз емес. Төзімділік пен дәлдікті, ептілікті қажет ететін жұмыс ырғағына мамандар да әбден үйренісіп алған. Солардың бірі – Иван Петренко. Ол мұнда 2006 жылдан бері жұмыс істейді. Қарағанды қаласына барып, арнайы біліктілік шеберлігін қалыптастырған маманның жұмысқа қызығушылығы ерекше.

– Он жылға жуық уақытта пластикалық есік, терезелердің түр-түрін жасап шығардық. Жұмысым өзіме ұнайды. Бастапқыда қиындық болса да, біз бір ұжым болып еңбек еттік. Бүгінде бізді бәрі біледі. Бастысы – тұрғындар тарапынан өнімдерге сұраныс жоғары. Біздің еңбегіміз жасаған есік, терезелеріміз бойынша бағаланады. Ал клиенттердің жақсы пікірі – біз үшін әрқашан қуаныш. Алатын айлығымыз да жаман емес. Орташа еңбекақы – 80 мың теңге, – дейді құрастырушы.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp