«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСШЫСЫ ПАРАҒА БЕЙІМ БАСҚАРМА

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өңірлік департаментінің мамандары облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасындағы жемқорлық тәуекеліне қашықтан жүргізілген талдауды аяқтап, қорытындысы жайлы хабардар етті. 

Талдау жүргізуге басқарманың үш бірдей басшысының “бармақ басты, көз қыстылық” әрекетке барып, ұсталғаны себеп болды. Соңғы факті үстіміздегі жылдың қаңтар айында орын алды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы мен бөлім басшысына сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айып тағып, іс материалдарын сотқа жолдаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, олар пара алды деген күдікке іліккен. Жалпы екі эпизод бойынша жалпы сомасы 650 мың теңге пара алған. “Басшылардың заңсыз әрекеттерінің түрі өзгеріп отырғанымен, оған себеп болған жайт біреу ғана. Ол – сыбайлас жемқорлық тәуекелі. Талдау жүргізуіміздің басты себептерінің бірі – осындай фактілердің алдын алу”, – деді Нұрлан Жахин. 

Талдау қорытындысында нормативтік-құқықтық актілерді толтыру барысында жемқорлық тәуекелдері бар екені анықталды. Мәселен, “Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі” туралы Заңға сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстары басталғанға дейін тапсырыс беруші мемлекеттік органды бұл жайлы хабардар етуге міндетті. Құрылыс-монтаж жұмыстарына автожолдарды, инженерлік желілердің күрделі жөндеу және қайта қалпына келтіру жатады. Алайда, мемлекеттік органдағы құжаттарға нысандарға күрделі жөндеу жүргізу туралы мәлімет енгізілмеген. Оның үстіне, нақты қандай жұмыс түрін жүргізу қажеттігі іс барысында хабарланады және бұл үшін нендей құжаттар қажет екені көрсетілмеген. Жұмыстың басталғаны жөнінде хабарламау әкімшілік жауапкершілікке тартуға алып келеді. Осылайша, өткен жылы облыс орталығындағы нысанға күрделі жөндеу жүргізуге жауапты “Казаэронавигация” кәсіпорнына жұмыстың басталғаны жөнінде хабарламағаны үшін 360750 теңге айыппұл салынған. Айыппұл төлеуге міндеттелген кәсіпорындардың қатарында жергілікті “Солтүстік Қазақстан электр желісін таратушы компаниясы” акционерлік қоғамы да бар.

Сонымен қатар мемлекеттік органға басшылық қызметке осыған дейін Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған азаматтар тағайындалғаны белгілі болды. Нұрлан Жахин лицензиялау және аттестаттау бөлімінің бас маманын мысалға келтірді. Аталған қызметке тағайындалғанға дейін ол бірнеше рет ескерту алып, қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Одан кейін тағайындалған басшы да тәртіптік жазаға тартылғаны анықталды. Ол алкогольді ішімдік ішіп, мас күйде қоғамдық орында жүрген. Бірақ басшы қызметіне тағайындалардың алдында жазасы мерзімінен бұрын алынып тасталған.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp