Облыс әкімі аппаратының лауазым иелері жемқорлыққа жол берді деген күдікке ілікті. Осыған байланысты жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыс әкімі аппараты шаруашылық басқармасының басшысы мен оның орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Ведомство таратқан ақпаратқа қарағанда күдіктілер алдын ала сөз байласу арқылы мердігерлік ұйым директорынан пара алмақ болған. Өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін іс жүзінде орындалмаған жұмыстарды қағаз бетінде тап-тұйнақтай етіп, тиісті актілерге кедергісіз қол қойғаны үшін 2 млн. 600 мың теңге талап еткен.
Шенеуніктерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, олар уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Түпкілікті шешімді сот қабылдайтын болады.
Бұл ақпаратты облыстық әкімдік растады. Баспасөз қызметінің мәліметінше, “Шаруашылық басқармасы” коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі қызметтік тексеріс әкімдік аппаратының бастамасымен жүргізілген.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.