«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАС ЖҮЛДЕ – ӘСКЕРИЛЕРДЕ

Облыстық балалар және жасөспірімдер шығармашылығы орталығында республикалық КТК фестивалі болып өтті. Онда орта арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттері облыс әкімінің кубогын сарапқа салды. Ойынға Астана, Степногорск және Рудный қалаларының командалары да қатысты.

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың ұйытқы болуымен өткен сайыста сынға түскен 10 команда әдемі әзілдерімен көрермен көңілін көтеріп, көпшілікке тамаша кеш тарту етті.

Бұл жолғы “Жайдарман” ойыны да жастар тақырыбынан ауытқыған жоқ. Сайыс барысында көңілділер мен тапқырлар клубының ойыншылары күнделікті өмірдегі жағдай, күйбең тірлік көріністерімен қатар, өңір жастарының тыныс-тіршілігін, болашағын, қоғамдағы белсенділігін астарлы ой мен ұтқыр әзіл арқылы көрсетті.  

Бір қуантқаны, осы жолы командалар соңғы уақыттары КТК ойыншылары арасында белең алған плагиаттан аулақ болуға тырысты. Ойын фристайл түрінде, яғни бір айналымнан тұрғандықтан, барлық құрамалар аз уақыттың ішінде барын салуға тырысты. Көңілділер мен тапқырлардың өнерлерін тамашалауға жиналған жұртшылық болса, қызықты әзілдерімен күлкіге көмген жастарға қошемет, қолдау көрсетіп отырды. Әсіресе, құрамалар арасында күлкінің дәруменін сыйлаған ақмолалықтар ерекшеленді. Қоғамдағы көкейкесті мәселелерді күлдіріп жеткізген “Бейбарыс” командасының мүшелері көрерменге ой салған бірден-бір құрама атанды. Рудный әзілкештері мен петропавлдық “Түрлі жігіттер” командасы да мәдениетті ойын нақышымен дараланды.

Тағы бір жаңалық, соңғы бірнеше жыл бойы сахнада көрінбеген Әскери институтының “Ұлттық ұлан” құрамасының оралуы болды. Жаңа құрам әскерилер өмірінен көріністер ұсынды. Ал өңірімізге “Серпін” мемлекеттік бағдарламасының аясында оқуға келген оңтүстікқазақстандық студенттер де жеке команда жасақтап, “Серпін” атымен сайысқа түсті.

Қазылар алқасының шешімімен фестивальдың Гран приі – Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің кубогы “Ұлттық ұлан” командасына бұйырды. Тимирязев ауданының “Алаш жастары” командасы бірінші орынға ие болса, Ақмола облысының “Бейбарыс” құрама командасы екінші жүлдені иеленді. Ал шалақындықтар үздік үштікті түйіндеді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp