Омыртқада отыр едік. Дағдарыстан туындаған қымбатшылық қанша жерден жан алқымнан алып тұр дегенмен, түгел болмаса да, жұрт ішінара омыртқаға шақырып тұрады. Қарымтасынан да қалған жеріміз жоқ. Осы бір әдемі дәстүр адамдарды бір-біріне жақындастыра түседі. Көңілі жақындардың бір-біріне: “Үйіңнен әлі омыртқа мүжіген жоқпын…”, – деп наз айтуы – өкпе емес, емеуірін.
Дәм үстінде күнделікті тіршілікке қатысты әңгіме, әзіл-қалжың айтылды. Жаңа жылдың қарсаңы болғандықтан, әрі біраздан бері қалыптасып қалған әдетпен ішімдік те ішілді. Шаңырақ иесі сексеннен асып кеткен ақсақал да: “Алланың кешпейтін күнәсі жоқ…”, – деп, бірер мәрте “алып қойған”. Дастарқан басындағы ұлтқа ұлағат айтатын үлкендер де тегіс белі үзіліп кете жаздап тұрған оймақтай рюмкені қайта-қайта сыңғырлата соғыстырған. Ендігісі – дәм қайыру, бата беру. Осы араға келгенде манадан сүттей ұйып отырған шырқымыз бұзыла жаздады. Бата беру реті жасы да үлкен, жолы да үлкен құданікі еді. Бірақ, күні бойы адал дәмнен татқанымен, рюмке ұстауға зауқы соқпаған бір қарасақал: “Батаны мен беремін. Сендердің ауыздарың манадан былғанды, бата берер реттерің жоқ!” – деді ол.
“Пайғамбарымыз: “Кім арақ ішсе, ол адамның қырық күн намазы, дұғасы қабыл емес және тәубесіне келмей, сол қырық күннің ішінде өліп кетсе, ол адамның барар жері – тозақ” деген хадисі бар. Сондықтан, жастарың үлкен болғанмен, батаны таза отырған менің бергенім дұрыс”, – деп үстемеледі.
Айтуы жөн. Әйткенмен, қазіргі күні ішіп алған адам, тіпті, ішпеген кісі де сөзге тоқтаушы ма еді?! Ақыры шала-бурыл болып отырған шал берді батаны.
Шынымен де, біз қазір бата берудің жөнін білеміз бе? Ілкі заманда Алаш баласы үшін батаның орны бөлек болатын. Бізге дейінгілер бата беру, бата алу деген қасиетті ұғымдарды қастерлей білген, айрықша құрметпен қараған. “Жауынмен жер көгерер, батамен ел көгерер” деп бекер айтпаған ғой. Қазіргі күні ел арасында бата бере білетін ақсақалдар азайды. Тойы көп қазақтың батасы да аз емес. Бірақ, бата тек тойда ғана берілмейді ғой. Жақсы ісіне, әдемі қарекетіне орай бұрынғы абыздар ізгі тілегін білдіріп, бата береді дейтін. Ал, қазіргілер әбден жаттанды болған “Денсаулық тілейміз!” деген тілекпен қысқа қайыра салады. Негізінде, батаның түрі көп. Оның үстіне үй иелері де батаны сыйлы, қадірлі азаматтың бергенін қалайды. Тіпті, бір тойда жаттағанынан жаңылған оқушы құсап кібіртіктеп келіп, соңында: “Сол үшін алып қояйық!” – дегенді де естігенбіз. Тағы бір тойда қаусап отырған кемпірге бата бергізген. Негізі, ер-азамат отырған жерде жасы қанша үлкен болса да, әйел адам бата бермейді ғой.
Қысқасы, бұл да бір ойланатын жай.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.