Тәуелсіз елдің басты сипаты саналатын ұлттық валютамыз шыққанда бөркімізді аспанға атып қуандық. Өйткені, азат ел екенімізді шын сезіндік. Сол уақытта рубльге тәуелділіктен бас тартуымыз батыл қадам болды.
1991 жылдың соңында ыдыраған Кеңес одағынан бөлініп шыққанымызбен, “рубльдік аймақта” қалдық. Бұл біздің экономикамызға ешқандай жақсылық әкелген жоқ. Қолма-қол ақша тапшылығы байқалды. Сол жылдары отбасым Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында тұрса, мен Батыс Қазақстан ауылшаруашылығы институтында оқып жүрдім. Оқуды тамамдағаннан кейін жергілікті шаруашылыққа экономист болып жұмысқа орналастым. Елдегі қиыншылықтар мен істейтін шаруашылықты да айналып өтпеді. Сөйтіп, жабылып тынды.
1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы” Жарлыққа қол қойды. Үш күннен соң төл ақшамыз айналымға енді. Кейін білгенімдей, ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау аталмыш күні таңғы 8-де басталып, 20 қарашада сағат 20-да аяқталыпты. Осылайша, ақшаны барлық банк бөлімшелеріне жеткізуге небәрі сегіз күн ғана кетті. Жал-пы, жаңа ақшаны дәл осылайша жылдам әрі табысты енгізген ел аз шығар.
Бұл уақытта 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді. 1994 жылы қағаз ақшаның орнына 2, 5, 10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. 2001 жылы облыс орталығындағы №9 орта мектепке есепші болып жұмысқа орналастым. Теңге орнығып, тұрмыс түзелді.
Ұлттық валютамыз айналымға шыққан күні мемлекетіміз қаржылық тәуелсіздігін алды. Содан бері біртіндеп экономикамыз көтеріліп, ішкі-сыртқы саясат орнықты жүргізіле бастады. Бүгінгі әлемге танылған Қазақстан – соның жемісі.
Малғаждар ТҰРСЫН.