Ертеде бір кішкентай қыз болыпты. Ол ата-анасына әлі жеткенше көмектесіпті. Өйткені, үйлерінде көп қаз-үйрек болыпты. Кішкене қыз қолына шелек алып, бөшкеден су әкеліп, құстардың алдындағы ыдысқа құяды екен.
Бір күні ол шөп арасында ойнап жүрген үйрек балапандарының ыдысына жем салады. Оны көрген балапандар қуана жүгіреді. Сол сәтте олардың алдынан бір үлкен инелік ұшып шыға келеді. Одан қорыққан балапандар қайта барып шөптің арасына тығылады. Ал инелік ызыңдаған күйі табаққа барып қонып, қоректеніп алады да, өз жайына кете барады. Балапандардың табақ маңына баруға батылдары жетпейді. Күні бойы шөп арасында тығылып жатады. Қарындары әбден ашады.
Біраздан кейін кішкентай қыз келіп, балапандардың жем жемегенін көріп: “Бұларға не болған? Тамақтарын әлі жемепті ғой. Әлде ауырып қалды ма?” деп, үйіне қарай кетіп қалады.
Осы кезде үйрек балапандарының бірі батылданып:
– Қорықсаңдар, өздерің қорқа беріңдер, мен қорқа-қорқа жалықтым. Инелік тағы ұшып келсе, оны қуып жіберемін, – дейді.
– Ой мақтаншақ, босқа мақтанба, – дейді оған басқалары. – Инелік келсе, өзің бірінші болып қашарсың.
Сол кезде инелік тағы ызылдап келіп қалады. Ол табаққа барып қонғанда, әлгі батыл балапан жүгіріп барып, тұмсығымен оның қанатынан ұстап алады.
Инелік ары-бері жұлқынып, қанатын сындырып, әрең дегенде қашып құтылады. Қалған балапандар оған аңырап қарап қалады. “Қандай ержүрек!” деп ойлайды іштерінен.
– Мұндай батырлықты қайдан үйрендің! Айтшы, біз де батыр болайық! – дейді артынан оны қоршап алып.
– Қарның қатты ашса, бәрің де батыр боласың! – дейді батыр балапан кеудесін керіп.
Содан кейін инелік балапандардың маңына жоламайтын болады. Ал кішкентай үйрек балапандары жемдерін жеп, батыл балапанды мақтан етіп, алаңсыз жүре береді.
Кішкентай қыз да көңілденіп, үйректеріне күнде қарайтын болады.
Бақшагүл НҰРАҚАЕВА.