
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Индустриялық-инновациялық даму” мемлекеттік бағдарламасының 2016 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысына арналған кеңесте іске қосылатын жаңа жобалар бойынша жалпыұлттық телекөпір өткізді.
Телекөпір барысында Елбасы онлайн режімінде мемлекеттік бағдарлама аясында қолға алынған сегіз өндірістік жобаларды іске қосты. Бұл жобалар жекеменшік инвестициялар, екінші деңгейдегі банктер мен даму институттары есебінен жүзеге асырылған. Жалпы индустрияландыру шеңберінде 175 млрд. теңгенің 30 жобасы пайдалануға беріліп, шамамен 4 мың жұмыс орны ашылатын болады.
Жалпыұлттық телекөпірге өңіріміздегі “Петропавл трактор зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі “К-704-4р Батыр” отандық тракторларын шығару жобасымен қатысты. Санкт-Петербург машина жасау зауытымен бірлескен жобаға 1,2 миллиард теңге инвестиция құйылып, құрал-жабдықтар Қытай мен Ресей елдерінен әкелінген. Жылына 100 трактор шығаратын жаңа зауыт облыс орталығындағы Ярослав Гашек көшесі,1-үй мекенжайында орналасқан.
Телекөпірде зауыттың директоры Сергей Шинкаренко сөз алды.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Еліміздің машина-трактор паркі бүгіндері ұдайы жаңартылып келеді. Қазір облыста шамамен 14 мың трактор10 жылдан астам пайдаланылған. Олар жаңартуды қажет етеді. Ресейлік әріптестермен бірге “Батыр” тракторының өндірісі бойынша жобаны іске қосу өңір сұранысының үштен бірін өтейді. Біздің тракторымыз техникалық сипаттамасы бойынша шетелдік баламасынан кем емес, әрі үш есе арзан екендігін атап өткім келеді. Сізден зауытты іске қосуға рұқсат сұраймын, – деді ол.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев зауыт жұмысын бастауға рұқсат беріп, кәсіпорын ұжымына табыс тіледі.
Сергей Александровичтің айтуына қарағанда, зауыт отандық ауыл шаруашылығы техникаларының ішіндегі қуаттыларының бірі саналатын танымал “К-700”-дің негізінде құрастырылатын жаңа тракторларды шығаратын болады. Бүгінде цех ғимараты толықтай жөнделіп, жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар орнатылған.
Трактордың темір қаңқасы, кабинасы, жанармай құятын бактарына дейін жергілікті зауытта қазақстандық металдан жасалынатын болады. Зауыт жылына 100-120 трактор шығара алады. Олардың бағасы шетелдік техникаларға қарағанда әлдеқайда қолжетімді болмақ. Мысалы, бүгінде шетелдік “Бюлердің” бағасы 90 миллион теңге болса, отандық трактор 30 миллион теңге ғана тұрады. Оның бөлшектерінің 35-40 пайызы өзімізде жасалады.
Қазіргі таңда серіктестік 48 адамды еңбекпен қамтуды жоспарлап отырса, кәсіпорын толық қуатына көшкен кезде 120 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.
Мемлекеттік бағдарламаның екінші бесжылдығы аясында өңірдің Индустрияландыру картасына жалпы сомасы 30,2 млрд. теңгенің 41 жобасы енгізіліп, 2,2 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Үстіміздегі жылы іске қосылған жеті жоба 3,4 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Алдағы уақытта төрт жобаны іске қосу көзделіп отыр.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.