«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бағасы арзан, сапасы жоғары

Нұр-Сұлтан қаласында еліміздің барлық өңірлерінің ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесін өткізу бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Арнайы жасалған кестеге сәйкес өңірлердің ауыл шаруашылығы өкілдері биыл да астаналықтарды өздерінің арзан әрі сапалы өнімдерімен қуантуда.

Өткен демалыс күндері Нұр-Сұлтан қаласында өткен дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне Петропавл қаласы мен аудандардан 115-ке жуық агроқұрылым, өңдеу өнеркәсібі мен кәсіпкерлік субъектісі қатысты. Солтүстікқазақстандық өндірушілер тұтынушыларға 133 тонна ет, 4 тонна шұжық, 5 тонна макарон, 14 тонна сүт өнімдері, 13 тонна бал, 28 тонна ұн және 944 тонна картоп, қырыққабат, сәбіз және қызылша ұсынды.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ерболат Бекшеновтың айтуынша, екі күнге созылған жәрмеңке барысында экологиялық таза өнімдер базар бағасынан 10-15 пайызға төмен саудаланған.

– Байлығы жердің бетінде өсіп-өнген аққайыңдар өлкесі елорда тұрғындарына 100-ге жуық азық-түлік түрін ұсынып, бір мың тоннадан астам өнім сатты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 24 түрі Қызылжар өңірінде молынан өндіріледі. Сондықтан біз елордадағы жәрмеңкеге жылда ұйымшылдықпен қатысамыз. Бұл жолы да мол азық-түлік өнімдерін жеткіздік. Картоп, сәбіз және қырыққабаттар жылдам сатылды. Бұдан бөлек сиыр, жылқы, қой еттеріне деген сұраныс жоғары болды. Мәселен, сиыр етінің килограмы 1700 теңгеден саудаланды, – дейді Ерболат Мұратұлы.

Топырағы құнарлы Қызылжар өңірінде өсірілген экологиялық таза өнімдер толық сатылып біткенше сөмке тасып, қап арқалаған астана тұрғындарының легі бір толастамды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp