«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒДАРЛАМАНЫҢ БЕРЕРІ МОЛ

Уәлиханов ауданының халықты жұмыспен қамту орталығы тұрғындарды еңбекке орналастыру үшін жүйелі жұмыс жүргізуде. Оны жүзеге асыруға “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының қосып отырған үлесі зор. Бағдарлама қолға алынғаннан бері ауданның 1134 тұрғыны жұмысқа тартылды.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталатын болсақ, 2012 жылдан бастап аудан аумағында жобалық сметасы 372,6 миллион теңгені құраған 15 нысан әлеуметтік инфрақұрылымдар бағыты бойынша жөнделді. Құрылыс жұмыстарында 71 адам еңбек етті. Сондай-ақ, жөндеу жұмыстары аяқталып, әлеуметтік нысандардың жұмысы жанданған кезде 18 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл Өндіріс ауылындағы мектепті күрделі жөндеуден өткізу жұмысына 26,5 миллион теңге бөлініп, онда 15 адам еңбек етуде.

Бағдарламаның екінші бағыты кәсіп ашып, табыс тапқысы келгендерге қолдау көрсетіп, қаржыландыру мақсатын көздейді. Мемлекеттік қордан жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайызбен несие алып, өз ісін дөңгелету жұмыссыз отырған адамға өте қолайлы. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері ауданда 104 несие құжатталып, 231,9 миллион теңге игерілуде. Несие қаражаттарын алу арқылы 58 жеке кәсіпкерліктің жаңа субъектілері ашылып, бизнесті кеңейту есебінен 54 жұмыс орны құрылды. Мал шаруашылығымен айналысатын 58 қарызгер берілген қаражатқа 253 жылқы, 296 ірі қара, 320 қой, 3400 құс сатып алды. Тұрғындарға қызмет көрсету үшін 7 шағын наубайхана, 3 жекеменшік монша, 3 дәмхана, 1 мал сою қосыны, 2 техникалық қызмет көрсету стансасы, 2 фотосалон, бір-бірден шаштараз, ағаш өңдеу, жолға төселетін плиталарды өндіру, пластикалық терезелер, жұмсақ және корпустық жиһаздар жинау қосындары ашылды.

Үстіміздегі жылы несиелеуге 39,0 миллион теңге қаражат қарастырылған. Несие қарызын пайдалану үшін 15 адам өтініш білдіріп, өздерінің бизнес жоспарларын ұсынуда. Бүгінгі таңда кепілдікке қойылатын нысандарды бағалау жүргізілуде. Қайта инвестицияланған қаражат есебінен 10,1 миллион теңгенің төрт несиесі берілді, оның ішінде үш қарызгер 7,7 миллион теңгені – мал шаруашылығын, бір қарызгер 2,4 миллион теңгені жүк тасымалын ұйымдастыруға бағыттап отыр.

“Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей”, – деп Абай данамыз айтқандай, кәсіпкерліктің пайдасын жете түсінгендер отбасының жағдайын жасап, бала-шағасын қатарынан қалдырмай ер-жеткізіп, маңдай терімен табылған табысының ырысын көруде. Сондай-ақ, жерлестеріне жұмыс тауып беріп, ауданның өркендеуіне елеулі үлес қосып отырғандар да аз емес.

Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша өткен үш жылда жеке тұрғын үйлер салынып, оларға әлеуметтік-экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерде тұратын 127 адам көшірілді. Ондағы отбасылардың еңбекке жарамды мүшелері тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді.

Әлеуметтік жұмыс орындары және жастар тәжірибесі сияқты жұмыспен қамтудың тиімді тетігі де белсенді қолданылады. Алған мамандықтары бойынша 221 жас маман ұйымдар мен мекемелерде тұрақты еңбек орнын тапты. Биылғы жылы да осы жұмыс жалғастырылуда, аудандағы жұмыс берушілердің тапсырысына сәйкес 17 адам әлеуметтік жұмыс орындарына қабылданды. Жас мамандарды жұмысқа шақырған 47 жұмыс берушіден өтінім түсті, бұл шара 1 шілдеден бастап іске асырылады.

Осы жылдары 93 адам ауданның еңбек нарығында қажетті мамандықтар бойынша аталмыш бағдарлама негізінде кәсіптік білім алды. Олардың 82-сі игерген мамандықтары бойынша тұрақты жұмыс орындарын тапты. Бүгінгі күні 6 адам оқуды жалғастыруда. Ауданның еңбек нарығында темір ұстасы, сантехник, газэлектрдәнекерлеуші, электрик, хатшыреферент, шаштараз, аспаз, наубай, кондитер, мал дәрігері, ағаш шебері, әлеуметтік жұмысшы, ЭВМ операторы, маникюр шебері, медбике, фельдшер сияқты мамандар сұранысқа ие.

Жұртқа “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасын түсіндіретін жедел топ бар. Олар биылғы жылдың мамыр-маусым айларында 14 елді мекенді аралап өтті. Тұрғындардың ішінде аталмыш бағдарламаның іс-шараларына және “Өрлеу” жобасына қатысуға ниет білдіргендер баршылық. Бұл тәсіл, яғни ауданның барлық елді мекендеріндегі тұрғындарды мемлекеттік бағдарламалармен ақпараттандыру және тарту биылғы жылдың қыркүйек айына дейін жүргізіледі.

Халықты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша қолданылған шаралардың нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда жалдамалы жұмысшылардың саны 111 адамға артты, өзін-өзі қамтамасыз еткен тұрғындардың саны 439 адамға кеміді. Жұмыссыздардың саны статистикалық мәліметтерге сәйкес 70 адамға азайды. Халқымыздың әлеуеті жақсармайынша, жұмыссыздардың саны азаймайынша, еліміз алға қарай қарыштап дами алмайтыны, экономикамыздың көтерілмейтіні белгілі. Сондықтан мемлекетіміздің жасап отырған қамқорлығын тиімді пайдалануымыз керек.

Әлима МҰХАМЕДИЯРОВА,

Уәлиханов ауданының халықты жұмыспен қамту

орталығының директоры. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp