«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒДАРЛАМА ТАЛАБЫ ӨЗГЕРДІ

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облысымызда “Нұрлы жер” бағдарламасының жүзеге асырылу барысы әңгіме арқауына айналды.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқар­масы басшысының орынбасары Владислав Лукиннің айтуынша, мемлекеттік бағдарламаға сәйкес өңірімізде өткен жылы жалпы алаңы 250,5 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 2573 пәтер пайдалануға берілген. Ал үстіміздегі жылы үш мың баспана бой көтереді.

– Қазіргі уақытта Петропавл қаласындағы “Жас өркен” және “Береке” шағынаудандарында 1122 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. “Основание”, “Стройкомпания” және “Future Kaz” сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер тұрғызып жатқан 607 пәтер қала әкімдігінде кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар сатып алу құқығынсыз жаңа үйге қол жеткізеді, – деді Владислав Геннадьевич.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында бой көтеріп жатқан баспаналар аз емес. Көкшетау және Алматы қалаларының құрылыс компаниялары да өз қаржысына баспана салуға ниет танытуда. Қазіргі уақытта 15 компания 51 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізуді жоспарлауда. Бұл баспаналар солтүстікқазақстандықтарға “7-20-25” бағдарламасы аясында қолжетімді болмақ. Жеке компанияларға инженерлік-коммуникациялық желілер­ді тарту үшін қаражат жергілікті бюджеттен қарастырылған.
Өңірімізде “Нұрлы жер” бағдарламасы арқылы пәтер алуға ниет танытқандардың арасында “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның салымшылары да бар. Жиынға қатысқан банктің облыстық филиалының директоры Алмас Жапабаевтың айтуынша, барлық 46 мың салымшының 18 мыңы – аталмыш бағдарламаға қатысушылар. Оның 7 мыңы – қала әкімдігінде кезекте тұрғандар. Енді баспана отбасының табысының мөлшеріне қарай беріледі. Егер баспана кезегінде тұрған отбасының табысы бір күнкөріс минимумынан кем болса (31 183 теңге), онда оларға пәтер сатып алу құқығынсыз жалға беріледі. Табысы екі күнкөріс минимумын құрайтын (62 366 теңге) болса, тұрғын үй бағасының 10 пайызын жинаған салымшыларға займ 2 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Ал табыс мөлшері 3,1 күнкөріс минимумынан асатын азаматтар (96 667 теңге) “5-20-25” шарттары бойынша несиелік тұрғын үй ала алады. Мұндай мүмкіндікті әскери қызметкерлер, бюджеттік ұйым және мемлекеттік қызметшілер пайдалана алады.
– Жыл басында “Нұрлы жер” бағдарламасының шарттарына өзгерістер енгізілді. Бұған дейін бағдарлама аясында салынған тұрғын үйлердегі пәтерлер қала әкімдігінде кезекте тұрғандар мен өзге салымшылардың арасында тең бөлініп келді. Енді мүгедек азаматтар, толық емес, көпбалалы отбасылар, жетім балалар және халықтың басқа да әлеуметтік әлжуаз топтары қолдауға ие болады, – деді Алмас Әлібекұлы.
Алдымен пәтер алғысы келетіндер www.baspana.kz сайты арқылы ертерек броньдап қою керек. Кейін азаматтар 5 күннің ішінде банкке барып, төлеу қабілетін растап, 20 пайыздық бастапқы жарнаны енгізуге міндетті. Ал артық пәтер қалмаған жағдайда салымшылардың баспананы екінші нарықтан алу мүмкіндігі бар.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp