«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бақташысы жоқ жылқылар қауіпті

  

Жуырда бос жүрген жылқылар тас жолға шығып кетіп, соның салдарынан екі жол-көлік оқиғасы орын алды. Екі оқиға да Есіл ауданының аумағында түнде болған. Шал ақын ауданының 54 жастағы тұрғыны «Лада Ларгус» автокөлігімен зайыбымен және туысымен Петропавл қаласынан үйіне қайтып келе жатқан. Сағат 22.00 шамасында Есіл ауданының Бірлік ауылы маңындағы Жезқазған-Петропавл тас жолында автокөліктің алдына бір үйір жылқы шыға келген. Жүргізушінің айтуынша, соқтығыспау мүмкін болмаған. Адамдар дін аман, соққы алған жануар өліп қалыпты. Автокөлікке зақым келгенімен, сапарын жалғастырған.

Полицейлер бақташысыз жүрген жылқыны іздеуге кіріскен кезде, жақын маңда екінші жол-көлік оқиғасы болған. 32 жастағы петропавлдық сол жолдың бойында «Лада Приора» автокөлігімен Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимское ауылына қарай келе жатып, алдынан шыға келген жылқыны жанамалай соғып кеткен. Жүргізуші мен 29 жастағы жолаушы зардап шеккен жоқ, ал жануар қашып кеткен. Көлікке зақым келген. Тәртіп сақшылары бос жүрген жылқының иелерін тапты. Олар еліміздің қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
– Биыл осымен төртінші рет бақташысы жоқ жылқылар жол-көлік оқиғасына себепші болды. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жылқының бос жүруіне жол бермеу үшін түсіндірме іс-шараларын жүргізуде. Тамыз айының ортасында облыс аумағында мал бағу қағидасы қолданысқа енгізілген сәттен, жылқыларын еркін жайылымға жіберген ауылдың 40 тұрғыны жауапкершілікке тартылды, – дейді Есіл аудандық полиция бөлімінің бастығы Ерлік Есләмбеков. Облыста жыл басынан бері автокөліктер мен жануарлардың соқтығысуынан екі адам жарақат алды. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp