«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚЫЛАУ БОСАҢ БОЛСА…

Облыстық қаржы бақылау инспекциясы биылғы жылдың өткен мерзімінде 175 бақылау шарасын өткізіп, онда қолданыстағы заңнама талаптарының жалпы сомасы 16,1 миллиард теңгеге бұзылғандығын анықтады.

Сонымен қатар, мамандар ретінде тексеруге құқық қорғау органдарын тарта отырып, инспекция қызметкерлері жалпы сомасы 5 миллиард теңге болатын құқық бұзушылыққа 97 тұжырымдама жасады. Тексеріс жұмыстары нәтижесінде қабылданған шаралар бойынша бюджетке 748,7 миллион теңге қайтарылды. Ал жалпы сомасы 681,5 миллион теңгені құрайтын 19 іс процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына тапсырылды. Бақылау нысандарын тексеру барысында жіберілген қателіктер үшін 222 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қаржылық есеп беру және бухгалтерлік есеп саласында, мемлекеттік сатып алу туралы, бюджеттік заңнамаларды бұзуда жіберілген қателіктер үшін 20,4 миллион теңгеге 152 әкімшілік жаза тағайындалды, соның 15,3 миллион теңгесі есепті мерзімде бюджет кірісіне өндіріліп алынды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында мемлекеттік сатып алу жүйесінде жемқорлық әрекеттерге жол берілетіні айтылған. Осыған орай испекция өз өкілеттігі шеңберінде еліміздің мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуына тұрақты түрде бақылау жүргізіп отырады. 2015 жылы инспекция мамандары мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуына 144 тексеріс өткізді, соның 103-і немесе 72 пайызы мемлекеттік сатып алудың нәтижесіне ықпал еткен қаржы тәртібін бұзушылыққа қатысты.

Жүргізілген бақылау жалпы сомасы 7,2 миллиард теңгенің мемлекеттік сатып алуын қамтыды, нәтижесінде 2,4 миллиард теңгенің тәртіп бұзушылығы анықталды.

Конкурстарды өткізуде конкурсқа қатысуға өтінім білдіргендерді заңсыз негізде конкурсқа қатыстырмау; конкурсқа қатысуға ниетті ықтимал жеткізушіні конкурсқа негізсіз жіберу; конкурстық құжаттарда “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңда көзделмеген біліктілік талаптарын белгілеу; шартты жеңілдіктерді заңсыз қолдану; тауарлық белгілерде конкурстық құжаттарды көрсету, фирмалық атаулар, тауардың шығарылған жерінің көрсетілуі және шығарушының атауы, сондай-ақ, жеке ықтимал жеткізушілерден жұмыстың, қызметтің оларға тиістілігін көрсететін басқа да сипаттамаларда тәртіп бұзушылық анықталды.

Инспекция өткізген бақылаудың нәтижесі бойынша жеті мемлекеттік сатып алудың қорытындысы негізсіз деп табылды, сотқа мемлекеттік сатып алу туралы шартты жарамсыз деп тану туралы 23 талап-арыз берілді.

Анықталған тәртіп бұзушылықтар бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен тікелей мекеме жетекшілері тарапынан мемлекеттік сатып алуды өткізу барысына қатаң бақылаудың жоқтығынан және қолданыстағы заңнаманы толық білмеуден орын алатыны белгілі болды.

Инспекция бұл бағытта мемлекет активтерін және мемлекеттің бюджет қаржысын пайдалануда қаржы тәртібін бұзушылықтың алдын алу үшін тұрақты түрде жұмыс атқаруда. Жыл басынан бері инспекция бюджет заңнамасының ережесін түсіндіру мақсатында 85 “дөңгелек үстел” өткізді, сондай-ақ, тексеріс қорытындысы бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көріп тұрады.

Зәуреш ҚАПАРОВА,

облыстық қаржылық бақылау инспекциясы басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp