Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда тұратын Қапар Есентемірұлы мен Кәуеш Сәукенқызының отбасын құрғандарына – 60 жыл. Ұрпақ жалғасқан ұлағатты ұяда бес ұл, үш қыз өсірген жарасымды жұптың өмірлік ұстанымы – балаларына қазақы тәрбие беріп, салт-дәстүрден сусындатып ержеткізу. Отан мен отбасы сияқты баға жетпес байлықты қатар қойып, шаңырақты сәби күлкісіне бөлеген ата-ана – қолдан келгенше жұмыс істеп, балаларын қатарынан қалдырмай өсірген еңбекқор жандар. Отағасы Қапар Есентемірұлы ұстаздық жолда біраз жылдар қызмет еткен соң құқық қорғау саласына ауысып, зейнеткерлік жасына дейін өзі қалаған жұмысты атқарған. 22 жыл қалтқысыз еңбектеніп, сөзімен ғана емес, ісімен де балаларына үлгі бола білген отағасы – бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал.
“Ұлдарым – жағамдағы құндызым, қыздарым – аспандағы жұлдызым” деп, көз қуаныштарын “айналайын” сөзімен аялаған Кәуеш Сәукенқызы – көпбалалы ана. Мәуелі бәйтеректей жапырақ жайған асыл әже: “Баланы өмірге әкелуді және оны тәрбиелеуді жеке адамның ісі деп қарауға болмайды, бұл қоғам деңгейінде қарастырылатын үлкен де аса жауапты міндет”, – деген ойды ұстанатын адам. Ұлдарының бойына патриоттық сезім ұялатып, қыздарын болашақ келін, ана етіп тәрбиелеген кейуана немере-шөберелерін емірене еркелетіп:
– Ұл-қыздарымның әрқайсысы мен үшін бір төбе. Осылардың жайқалып, өрімдей болып өскендерін көру – үлкен бақыт. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, тұяқтарымның қанаты талмай, биікке самғай берсін! “Көрінген таудың алыстығы жоқ” дегендей, балалар бүгінде ержетті, әрқайсысының өз отауы бар, тәубе… – дейді 16 немере, 12 шөбересінің ортасында қуанышқа бөленіп отырған асыл әже.
Бауырынан тараған балаларының амандығын тілеп, айналасына нұр сеуіп, үлкен-кішіге сая бола білген қос қарияны көргенде өмірге деген іңкәрлік сезіміміз оянды. Қолына қонған бақ құсын аялап, шаңырағына береке-бірлік орната білген ақылы мен шарапаты мол кеңпейіл қарттарымыздың ортамызда жүргені, шынымен де, бір мерей.
Аналық әлдиімен бесіктегі баласын тербеткен жас келіндер осындай көңіл сандығы сыр мен жырға толы қарияларға қарап ой да, бой да түзесе, нұр үстіне нұр болар еді.
– Отанға деген ыстық ықылас отбасынан басталады. Сондықтан да шағын мемлекет болып саналатын ыстық ұяда бала тәрбиесін уыстан шығарып алуға болмайды. Ұл-қыздарымыздың барлығы әдет-ғұрыпты сақтап, имандылық жолымен жүрсе, тыныштық пен татулық құшағындағы еліміз одан сайын көркейе түседі. Қашанда өзінің көрегенділігімен ерекшелене білген Елбасының “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауын жүйеге енгізгені де отбасылық құндылықты сақтаудың бірден-бір жолы деп ойлаймын. Шүкір, қазір қиын заман артта қалды. Еліміз жыл санап өркендеп келеді. Қой жылы жақсылыққа толы болды. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы сияқты тарихи маңызды атаулы күндер елдің ең елеулі оқиғалары болып есте қалды. Енді бірер күнде есік қағып келетін Жаңа жылдан да тек қана жақсылық тосамыз. Біздің тілегіміз – ел амандығы, – дейді көпті көрген Қапар Есентемірұлы.
Гүлбаршын ҚАҒМЕТУЛЛАҚЫЗЫ.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.