Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында облыста республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары үшін баспасөз туры ұйымдастырылды. БАҚ өкілдері Тайынша ауданында “Жаркөл” ЖШС-нің жұмысымен танысып, компанияның егін алқаптарында болды.
“Жаркөл” ЖШС биыл 21000 гектар алқапқа дәнді және майлы дақылдар еккен болатын. Компания директоры Александр Кобзевтің айтуына қарағанда, орақ науқанында агроқұрылым 15 мың тонна астық жинады. Серіктестік директоры дәнді және майлы дақылдардың қалай сақталатындығын көрсетіп, машина-трактор паркімен таныстырды. Шаруашылықтың 97 техникасы бар. Олар – комбайндар мен сеялкалар, доңғалақты және шынжыр табанды тракторлар, жаткалар мен дәрі бүріккіштер.
– Тұқымдық астықты қоймаларда сақтаймыз. Біз оның шығымдылығын анықтадық. Қалған дақылдар арнайы дайындалған алаңдарға үйілген. Биылғы өніміміз құрғақ, сондықтан оларды ұзақ уақыт осылай сақтауға болады. Мына астықты біртіндеп тазалап, машиналарға тиейміз де, элеваторға жөнелтеміз, – дейді Александр Федорович.
Бүгінгі күні “Жаркөл” ЖШС-де 120 адам еңбек етеді. Олардың дені – шаруа қожалығы орналасқан Драгомировка ауылының тұрғындары.
Осы күні баспасөз турына қатысушылар Рощинск ауылдық округіне қарасты “Жаркөл” ЖШС-нің егін алқабында болып, аудандағы агроқұрылымдардың басшыларымен кездесті, 2015 жылғы орақ науқанының қорытындылары жайында сұрап білді.
“Тайынша-Астық” ЖШС-нің басшысы Анатолий Рафальский биылғы жиын-терімді ойдағыдай аяқтап шыққандарын айтып берді. Жақсы өнім жинап, оның сақталуын қамтамасыз етіпті, жеткілікті дәрежеде тұқым құйып алған. Аграршылардың ендігі басты мақсаты – астықты өткізіп, алдағы көктемгі-дала жұмыстарына сақадай сай әзірлену.
– Астық өсіру қыруар еңбекті қажет етеді. Соған орай ауқымды жұмыс істедік. Биылғы жыл нашар болған жоқ, жақсы астық жинадық. Егінді өңдеу, тыңайтқыш сіңіру сияқты агротехникалық шараларды дер кезінде жүргізіп үлгердік. Астықтың шығымдылығы да жаман болған жоқ, – деп ағынан жарылды Анатолий Брониславович.
Агроқұрылым басшыларының сөзін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров та растады. Ол Қызылжар өңірінде 3210 мың гектардың дәнді дақылдары жиналып, әр гектардан 17,4 центнерден өнім алынғанын, барлығы 5,5 млн. тонна астық бастырылғанын алға тартты.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Боран Рахымбеков баспасөз турына қатысушыларға министрлік жылда күзгі-дала жұмыстарының барысына күн сайын мониторинг жүргізетіндігін жеткізді.
– Солтүстік Қазақстан облысы 16 қазанда орақ науқанын аяқтағандығы жөнінде есеп берді. Әрине, бұл жедел мәлімет бойынша. Жыл сайын біз жүргізетін аэрофототүсірілім 11 қарашада күзгі жиын-терімнің толық аяқталғанын көрсетті, – деді Боран Ғизатұлы.
Мемлекеттік инспекция төрағасы таяуда қабылданған ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы заңға байланысты түсінік берді.
– Тұтастай алғанда, республика бойынша 117 мың ұсақ шаруашылық бар. Солтүстік Қазақстан облысында жері үш жүз гектардан аспайтындардың саны – 3000. Жаңа техника сатып алу және орақ науқанын сапалы жүргізу үшін осындай шаруашылықтардың бірігуіне жаңа заң мүмкіндік береді, – деп атап айтты Боран Рахымбеков.
Солтүстік Қазақстан облысының диқандары өздерінің кәсіби мерекесін жақсы көрсеткіштермен қарсы алып отырғанын атап айтқан жөн. Дәнді дақылдарды жинау науқаны нәтижелі аяқталғанын айтпаған күннің өзінде, биыл майлы дақылдардан, картоп пен көкөністен де жақсы өнім алынды. Мал өнімдерінің өскені де байқалады, атап айтқанда, сүт өндіру – 36 пайызға, жұмыртқа алу 24 пайызға артты. Өңірде 16 мал бордақылау алаңы, 41 репродуктор шаруашылық құрылды. Жыл басынан бері сомасы 55 млрд. теңгенің азық-түлік тағамы өндірілді. Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы саласына 17,2 млрд. теңге демеуқаржы бөлінді, бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда 700 млн. теңгеге көп.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.