Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдары Петропавлда “Қазақ тілі” қоғамының жергілікті бір топ белсенділері қаладағы орыс мектептерінің жанынан алғаш рет қазақ сыныптарын аштырамыз деп бастама көтерген болатын. Бұл, шыны керек, кеңестік идеология әлі де салтанат құрып тұрған кезде жасалған игі шаруа еді. Сонда қалада тұратын ата-аналардың дені “Қазақ тілі кімге керек? Орыс тілін білмейтін адам ертең нан таба алмай, далада қалады. Біз баламызды орыс тілінде оқытамыз”, – деп бірақ қайырып, есіктерін тарс жапқан. Елдің болашағын, қазақ тілінің ертеңін ойлаған азаматтардың ерен еңбектері мен жанайқайлары саналарына сәуле түсірген бірқатар ата-ана сол жылы мектепке баратын балаларын қазақ сыныбына беруге келісім беріпті. Алайда, көпшілігі сөздерінде тұрмай, ақыры күзде 20 мыңдай қазағы бар қаладан ана тілінде білім алуға шын ықылас білдірген небәрі 15-ақ отбасы табылған. Сөйтіп, қаладағы №3 орыс мектебінің жанынан 15 қазақ баласының басын әрең қосқан алғашқы қазақ сыныбы ашылған еді.
Егемендігін жариялағанына жиырма бес жыл болған мемлекетіміз бүгінде өзінің дербестігін айғақтайтын оқиғаларға қол жеткізе бастады. Тоқсан бірінші жылдардағы жарықсыз, сусыз, еңбекақысыз, зейнетақысыз өмір сүрген қысылтаяң кезіміздің атымызды әлемге әйгілеген өлшеусіз сый болып қайта оралуы біздің жарқын өмірге құлаш ұруымыздың бір дәлелі болса керек. Тәуелсіздік жылдарында Петропавл қаласында жаңадан бес қазақ мектебі ашылды.
Бүгінде өзім тізгінін ұстап отырған Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның қазығы осыдан жиырма жыл бұрын қағылды. Биыл Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейлі мерекесімен қатар келіп отырған жиырма жылдық тарихымызда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз аз емес.
1997 жылдың 17 шілдесінде біздің мектебімізге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келіп, мерейімізді асырған болатын. Мемлекет басшысының “Қалалық классикалық гимназияның ұстаздары мен шәкірттеріне зор табыс, баянды болашақ тілеймін. Тәуелсіз Қазақстанның болашағына қызмет етіп, Отанын жанымен, тәнімен сүйетін азаматтар тәрбиеленсін”, – деген ақ тілегі мектепте қызмет атқарып, бар ерік-жігерін, тәжірибесін шәкірт тәрбиесіне арнап жүрген әрбір ұстаздың бойтұмарына айналғандай болды десек, артық айтқандығымыз емес.
Содан бері біздің ұлағатты ұстаздарымыз өздерінің оқушыларын рухани жан дүниелері бай, зияткерлік өрісі жоғары, білімді етіп тәрбиелеу үшін аянбай тер төгіп келеді.
Өзінің 20 жылдық тарихында гимназия айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, биік белестерді, айтулы асуларды бағындырды. Осы жылдар ішінде 21 “Алтын белгі”, 31 “Ерекше үлгідегі аттестат” иегерлерін тәрбиелеп, қанаттандырдық.
Оқушының бойындағы дарын мен ғылыми қабілетті аңғарып, жетілдіру, танымдық қасиеттерін айқындау – мұғалімнің міндеттерінің бірі. Біздің ұстаздарымыз осындай талап үдесінен шығып, қабілетті оқушылардың қатарының көбеюіне, олардың өмірден өз орнын табуына атсалысуда. 2014-2016 жылдар аралығында “Дарын” ғылыми жобалар байқауының республикалық, халықаралық кезеңдерінде 14 оқушының жүлделі орындарды жеңіп алуы, өрендердің “URFODU” пән олимпиадасынан 17 алтын, 4 күміс, 5 қола медальға ие болуы мұғалімдеріміздің шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие беруінің нәтижесі деуге болады. Гимназия түлектерінің биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы бойынша орташа көрсеткіші 81-83 балды құрады.
Гимназияның бірнеше түлегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен сәтті жүзеге асырылып келе жатқан “Болашақ” бағдарламасы бойынша әлемнің әртүрлі өркениетті мемлекеттеріндегі жоғары оқу орындарында білім алуда. Олардың алдыңғы легі бүгінде еліміздің түрлі салаларында жемісті қызметтер атқарып, алған білімдерін ел игілігіне арнауда.
“INFOMATRIX” атты халықаралық компьютерлік жобалар жарысына қатысып, қола медаль алған Самат Мақатов пен Нұржан Төлегеннің, “Адам-Жер-Ғарыш” ғылыми-зерттеу орталығының жалпыресейлік олимпиадасында бірінші дәрежелі дипломмен марапатталған Даяна Көпееваның жеңістері – біз үшін мақтаныш әрі сүйініш.
Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия ұжымының білім бәсекесіндегі еңбегі, ізденісі еліміздің жаңғыруы мен жаңаруына қосып отырған үлесі деп білемін.
Петропавлдағы білім беру саласының дамуын еліміз егемендік алған қиын-қыстау кезеңімен салыстыруға әсте келмейді. Бүгінде қазақ тілінде білім аламын, болашағымды мемлекеттік тілдің дамуымен байланыстырамын деген өрендердің қатары артты. Мұның өзі қаламыздың тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерінің бір парасын көрсетсе керек.
Күлтай МҰҚАНОВА,
Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның директоры.