Жеңіс – біздің отбасымыз үшін қасиетті ұғым. Себебі, менің сүйікті атам Есен Оспанұлы Ұлы Отан соғысына қатысып, елдің тыныштығы мен жарқын болашағы үшін күрескен жан. Ол 1918 жылдың 10 наурызында Шал ақын ауданының Жалтыр ауылында дүниеге келген. Петропавл қаласындағы мұғалімдер даярлайтын мектептің 3-інші курсында оқып жүргенде әскер қатарына алынып, Ленинград облысының Красногвардейск қаласындағы полк мектебінде оқиды. Алдымен, финдермен соғысқа қатысып, бұл соғыс аяқталған соң Грузия елінде әскери қызмет атқарады.
Кейінгі өмірі Ұлы Отан соғысының отты жылдарында майдан шебінде өтті. 1942-1943 жылдары Ленинград майданында, Подстарый Русь қаласын азат етуге қатысады. Атамыз көзі тірісінде сұрапыл соғыс туралы естелігін былайша баяндап берген еді:
– Таңғы мезгіл болатын. Окоп ішінде ұйықтап жатып, кенеттен шошып ояндым. Ысылдаған жылан көзіме оттай басылды. Шамасы, жылан менің дене қызуыма жылынып, түні бойы жанымда жатқан сияқты. Сол сәтте алда күтіп тұрған үлкен шайқастан гөрі жыланның ысылынан қатты қорыққаным әлі есімде. Бірақ ұрыс алдындағы үрей тез ұмытылып кетті. Таң ата біз фашистерге оқ жаудыра бастадық. Немістер қалаға кіріп, бүкіл шаһар аумағын басып алған. Әрі олар жауынгер саны бойынша бізден әлдеқайда көп еді. Қолбасшымыз арнайы жоспар құрып, түнгі уақытта жауға қайта шабуылдадық. Көп жауынгеріміз ажал құшты. Бірақ біз соңына дейін күресіп, қаланы азат еттік. Қуанышымызда шек болған жоқ.
Атам майдан даласында көрген түсін әлі ұмытпағанын айтатын. Түсінде туған жердегі өз үйінде жатыр екен. Үйдің жанында киіз үй тігулі тұр. Бір кезде жаңағы киіз үй лапылдап жана бастайды. Алайда, әкесі екеуі лаулаған отты сөндіріп үлгереді. Көрген түсін жолдастарымның біріне жорытса: “Алдағы шайқастан аман қаласың, сені әкеңнің рухы қорғап жүр”, – дейді. Расында да, солай болды. Барлық айқастарда фашистердің шабуылына тойтарыс берген атам, елге аман-есен оралды.
Атам – біз үшін нағыз батыр еді. Жасы енді ғана жиырмадан асқан жауынгер түрлі шешуші шайқастарда төбе көрсетеді. Мықты қаруланған неміс басқыншылары қалалар мен темір жолдарды бомбаның астына алған кез. Атам Брянск-Смолинск майдандарында болып, осы қалаларды да жаудан азат етеді. 1943-1944 жылдары 1, 2 және 3-інші Белорус майдандарына араласып, фашистерді ойсырата жеңеді. Батыс Пруссия, Кенинсберг қалаларын алуға да аттанған. Днепр, Сож, Друт өзендерінен өтудегі ерлігі үшін Сталиннің бұйрығымен алғыс хаттармен, сондай-ақ, “Багратион” шабуылы “Бабрунск” қоршауындағы қаланың коменданты генерал-майорды тұтқындағаны үшін “Ерлігі үшін” медалімен марапатталған.
Соғыстан кейінгі жылдары елдің жағдайы тым ауыр еді. Ішерге ас, киерге киім жоқ. Осының бәрі майданнан Жеңіспен келген жауынгерлерге жаңа міндеттер жүктеді. От пен оқтың ортасынан аман келген атам сияқты ауыл азаматтары өз отбасыларын асырау үшін күні-түні еңбек етті. Шаңырағымыздың ақылшысы бола білген Есен атам 1946 жылдан бастап ауылда мұғалім болып жұмыс істеді. Ақылына көркі сай әжем Мәриям Әміржанқызына үйленіп, отау құрды. Өмірінің жалғасы он баласын оқытып, тәрбиеледі. Майдангер ұл-қыздарын аяқтандырып, немересінің алдын көрді. Ол соңғы демі таусылғанша ұрпағының тыныш заманда өмір сүргенін тілеп өтті.
Арғын ОСПАНОВ,
майдангердің немересі.