«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ ЖИЕНІ — Дәмен Сейітжанова шерткен сыр

Қазақтың ардақты жазушысы, бір уақытта өмірге келіп, дүниеден озған “Үш бәйтеректің” бірі – Бейімбет Майлин. 1894 жылы Қостанай облысы, Таран ауданы, Майлин атындағы кеңшарда өмірге келген ұлы суреткер нақақтан-нақақ “халық жауы” атанып, 1938 жылы атылып кетті. 1916-1919 жылдары мұғалім болады, жазу­шылықпен шұ­ғылдана бас­та­ды. “Қа­зақ”, “Ауыл” газеттері мен “Айқап”, “Садақ” журнал­дарына қалам тартып тұрады. Бейімбет Майлин “Еңбекші қа­заққа” “Еңбек туы” болып тұрған кезде-ақ атсалыса бастаған. Алғаш мақалала­рымен қатысқан ол әдеби қызметкер, бөлім меңге­рушісі, жауапты хатшы да болған, редакторлыққа дейін өскен. Бірақ көп істемеген. 1920-1922 жылдары газетке алғаш шығарушылар алқасы басшылық жасап, кейін жекелеген тұлғалар келе бастаған тұста басылымға Бейімбет Майлин секілді жеті-се­гіз адам жетекшілік ет­кені мәлім. Содан соң “Еңбекші қазақ” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінде қызмет істеп, Қостанайда “Ауыл” газетін шығарды.

Қазақ әдебиетінің дамуына қаламының күшімен, көркем тіл, кестелі ойымен көп еңбек сіңірген жазушының туған жиені Дәмен Сейітжанова біздің өңірімізде тұрады. Онымен қазақ үшін қудаланған тұлғаның өмірі, шығармашылығы, ізінен ерген ұрпақтары жайында әңгімелесудің сәті түскен еді. Дәмен апай да өткен күндердің жүректі қаритын суықтығын, сілтідей ащылығын еске алды, көз жасына ырық берді, көсіле баяндады. Дәмен Әбілқасымқызына қойған алғашқы сауалымыз қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғасы Бейімбет Майлинге бағытталды.  

– Дәмен Әбілқасымқызы, мен білсем, сіз Бейімбет Майлиннің қызы Рәзияның ұрпағысыз ғой.

– Иә, Биатамның он екі жасына толғанға дейін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, кейін қызыл империяның тырнағына ілініп, әкесінің жүзін көрмеген Рәзия Майлинаның қызымын.

– “Жазылар естеліктер мен туралы, Біреулер жан еді дер өр тұлғалы” деп марғасқа Мұқағали ақын жырлағандай, асыл анаңыз Бейімбет атаңыздың, оның жары Гүлжамал Майлинаның қилы тағдырын айтып берген болар? Қазақтың хас әдебиетшісінің ғұмырын зерттеушілер жазғанмен, көзбен көрген жан баласының аузынан есту бір бөлек қой…

– Әрине, атамның жан жары, сүйікті әйелі Гүлжамал әжемнің қолында өстім, тәрбиелендім. Мен оны “Гүлжамал мама” деп атаушы едім. Олар жайында сөз болғанда, бүгінгі зиялы қауым өкілдері тебірене еске алғанда, жүрегімді кеудемнен бәзбіреу суырып алғандай, жанымның бір бөлшегінен айрылып қалғандай зобалаң күйде боламын, жанарыма еріксіз жас үйіріліп, көңіліме ғаламның шершемені жиналғандай ауыр да қиналысты шақты бастан өткеремін. Әу бастан ақ некемен, бір-бірін сүйіп қосылған Бейімбет пен Гүлжамал Майлиндердің қолдың бес саусағындай бес баласы болды. Үлкені – Әукен. Оның есімін атамның өзі қойған. Екіншісі – Рәзия, менің шешем. Б. Майлиннің оған арнаған “Рәзия қыз” деген өлеңі бар. Үшіншісі – Мереке. Оның өмірге келген уақыты атамның партия билетін алып, қуанышы қойнына сыймай жүрген күнге дөп келеді. Сол себептен де есімін шаттықты мейрамға сәйкестендіріп қойған. Одан кейін өмірге келген ұлдың есімі – Еділ. Қазақтың ардақты тұлғаларының бірі Әліби Жангелдин қазақ және орыс халықтарына ортақ Еділ өзеніндей еркін ағысты, кең арналы өзен болсын деген ниетпен атаған екен. Бесінші перзентін атамның өмірдегі ең адал досы, сұлу да сері Сәкен Сейфуллин Гүлсім деп атаған. Алайда, заманның қыспағымен қазақша қойылған есімі өзгеріске ұшырап, Галина Майлина атанып кеткен. Мен – атамның өзгелерге қарағанда ерекше жақсы көрген, келбеті келіскен, алғыр, өте қабілетті, талантты қызғалдағы Рәзия Майлинаның қызымын. Анамның айтуынша, 1936 жылдар болса керек, атам халқымыздың беткеұстар зиялы қауым өкілдері С. Сейфуллин, Ш. Жиенқұлова, К. Байсейітова, тағы басқалары – барлығы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне “Жалбыр” пьесасымен барады. Ресейдің маңдайалды ақын-жазушыларының көзіне түскен қазақтың бір топ азаматтарына орыстың ұлы жазушысы Максим Горький қазақтың ішінен шыққан ержүрек батыр жайында сұрайды. Бұл сөзін ол орыстың мақтанатын Чапай сынды ерімен теңестіре айтады. Оның сөзі намысын оятып, жігерін жанып, сол сапарында үйіне, бала-шағасына оралмай, бірден қазақтың атақты батыры Амангелді Имановтың туған жері – Арқалыққа ол туралы дерек жинауға аттанады. Одан кейін Алматы қаласының жанындағы “Қаракесек” деп аталатын жерде кино түсіруді бастайды. Тынымсыз ізденіс те өз жемісін беріп, түсірілім де сәтті аяқталады. Қанша уақыт бойы ерінбей, демалыссыз қызмет еткен атам үйіне әбден шаршаған, шалдыққан кейіппен оралады. Түрі солыңқы, қалжыраған, боп-боз бейнесін көрген анам әкесінің біраз тыныстап, демалуын өтінеді. Оның үстіне Алматының кең көшелерінде қазақтың хас батыры Амангелді Имановтың киносы көрсетілетіндігі жөніндегі жарнамалаған афишаларды көріп, қатты қуанған оны әкесі ертең киноға алып баратындығын айтып, жәудіреген көздеріне әкелік сүйіспеншіліктің ұшқынын ұялатады.

Ойын баласы жасынан енді асып, бойжеткен шаққа бет бұрған Рәзияның жүрегі бір сұмдықтың болатынын сезіп, үйді, әкесінің жатқан бөлмесін күзетшідей торуылдап, қызғыштай қорып жүреді. Сәл уақыт өткенде есіктің шырылы естіліп, белгісіз адамдар ішке ене бастайды. Марқұм анам сол сәтті “еңгезердей екі орыс” деп жылап, есіне алушы еді. Олардың “Девочка, где папа?” деген зілді сұрағына: “Папа кино снимает, его нет дома”, – деп жауап қайтарады. Сидаң бойлы, арықтау қызды итеріп жіберіп, әлгі екеуі үйді тінте бастайды. Шырт ұйқының құшағындағы әкемді зіркілдеген дауыстарымен оятып алып, “Вы гражданин Майлин, арестованы”, – деп қос қолына кісен салғаны, бөлме толы кітаптарын, құжаттарын, құнды жазбаларын жинап әкеткені анамның көз алдында мәңгі сақталады. Дәл сол зобалаң сәтте үйде Гүлжамал әжем мен кіші қызы Гүлсім болмайды. Атамыздың үйден кеткені жан-жары мен балаларының жүрегіне жазылмас жара салса да, кейін “халық жауының” ұрпақтары деп балапандарының Семейдегі жетімдер үйіне тапсырылуы Гүлжамал әжеме қатты соққы болып тиеді. Осылайша халқы үшін жан-жүрегімен берілген адал перзентті түрмеге тоғытып, жарын “АЛЖИР”-ге айдап, балаларын жетімдер үйіне тапсырады. Бір отбасының тағдыры осымен аяқталады.

– Бір отбасының тағдыры осымен аяқталады дейсіз бе? Жоқ, керісінше, басталатын сияқты. Әжеңіздің ауыр қара жұмыс істеп, отар-отар қой бағып, балаларының қай жерде өмір сүріп жүргенінен бейхабар болса да, кейін олармен қауышқандығын қазақ әдебиетін зерттеушілерінің мақалаларынан, тарихи деректерден білеміз.

– Бес бірдей баласынан айрылған ананың қасіретін көз алдыңызға елестетіңізші. Мұң мен зарға толы жүрек, ендігі өмірдің мәні мен мағынасы жоқ деген ішкі ниет, азапты уақыт, шерлі күн… Міне, әжем де небәрі бір жастағы Гүлсімінен, одан өзге бүлдіршіндерінен көз жазып қалғанда шашын жұлып, ғаламға қарғыс тілеп, өте дәрменсіз күйде болады. НКВД-ның адамдары келгенде үлкен ұлы Әукен үйде жоқ болып, сол кеткеннен мол кетеді. Кейін ес кіріп, етек жиғанда анам Мәскеуге, Алматы қаласына хат жолдап, оның Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, қаза тапқандығы туралы мәлімет алады. Менің анамды, Мереке мен Еділді бір балалар үйіне орналастырады. Анамның айтуынша, аталмыш жетімдер үйінде жұмыс істейтін Юлия есімді орыс қызы үшеуін үш орынға бөліп жіберетіндігін, бір-бірлерінен ажырап қалмау үшін меңгерушімен жолығып, жалынып, жалбарыну керектігін айтады. Мұны естіген анам бастықтың кабинетіне кіріп, мән-жайды түсіндіріп, әйтеуір, үшеуі бірге Семейдің балалар үйіне жөнелтіледі.

– Анаңыз Рәзия өте зерек, алғыр әрі сауатты жан болған екен…

– Иә. Анам өте алғыр болған. Өйткені, нақақтан-нақақ “халық жауы” деп кінәланған ұлт зиялысының перзенті ғой. Тіпті, әке-шешесінен алшақ жүрсе де, балалар үйінде үшеуі бір нанды бөліп жеп, бір-біріне бас-көз болып өседі. Талай мәрте Мәскеуге “Әкем мен анам халық жауы емес” деген мазмұнда хат жолдауы, жетімдер үйінен шыққан соң бейтаныс қалада тегін оқуға қабылдайтын ауылшаруашылық колледжіне түсіп, оны ойдағыдай бітіріп, аталмыш салада жұмысқа орналасқандығы да оның табандылығын көрсетеді. Тіпті, інісі Еділдің төлқұжатында Едоль Майлин, ұлты неміс деп тұрғанын көріп, бұл бассыздыққа келіспей, күресіп жүріп, оның ұлтының – қазақ, есімінің Еділ болып өзгертілуіне көп күш жұмсайды.

Анам сурет салуға, қиялынан көркем образдарды туындатуға да қабілетті болған. Балалар үйінде сурет байқаулары ұйымдастырылса, үнемі қатысқанымен, “халық жауының” баласы деген атағы оның биік белестерден көрінуіне бөгет жасайды.

Тіпті, Жарық ауылындағы анасы жатқан “АЛЖИР”-ге барып, бес-алты жыл көрмеген анасын тауып, онымен бірге түрменің қойын бағуы да анамның тектілігін танытады. Қызының ержүректілігінің, батылдығының арқасында шешесі он жыл емес, сегіз жылдан соң түрмеден шығып, балаларының ортасына оралады.

Анам Рәзия заманның зардабынан бір ауыз қазақша білмей өседі. Әдемі есімінің өзі орысша бұрмаланып, көп жерде Роза атанып та жүрген. Он сегіз-он тоғыз жасында Қарағанды облысына қарасты Жаңарқа ауданының Әбілқасым деген келісті де келбетті жігітіне тұрмысқа шығады. Әкемнің шешесі, яғни менің әжем қазақшаға шорқақ келінге көңілі толмай, алғашында көп титығына тиген. Оның үстіне “халық жауының” қызын ай сайын НКВД-ның адамдары алып кетіп, тексеріп, кейін үйіне жіберетін болған. Енесінің жанды шымшып алған сөздеріне намыстанған алғыр анам қазақ тілін небәрі бір айдың ішінде үйреніп алады. Өткен ұмытылып, қорқыныш саябырси бастаған күндердің бірінде: “Әкелеріңмен енді қосылған кезде әжелерің мені жақтырмай, мұрнын шүйіре қараушы еді. Қарт кісі ғой. Ешқашан бетіне қарсы келмедім. Айтқанын айнытпай істедім. Жан дегендегі жалғыз ұлының болашағы үшін алаңдаған ана жүрегін түсіне білу керек деп ойладым. Оның мені қалайда “өзімнің жан келінім” деп қабылдауының бір амалын қарастырып көрдім. Ол жолды да таптым. Бала туып, немере сыйлау арқылы құтылуға болатынын сезіп, жыл сайын құрсақ көтеріп, босанатын болдым. Шақалақтарымның барлығын екі-үш айға жетер-жетпестен әжелеріңнің қолына тапсырып, жұмысқа кете бердім”, – деуші еді.

Сөйтіп, анам он бір баланы өмірге алып келеді. Бүгінде сегізіміз тіріміз. Анам тұрмыста бола жүріп, түрмедегі қорлықтан талма ауруына ұшыраған анасы Гүлжамалды қолына алып, күтеді. Бауырларын іздестіріп, маңайына жинайды. Ең кішкентайлары Гүлсімді табу өте қиынға соғады. Қазақстандағы барлық балалар үйіне хат жолдайды. Жанды жегіқұрттай жеген уайымнан сарғайып жүрген күндердің бірінде “Бізде Галина Майлина деген қыз өмір сүрді” деген жауап хат келеді. Галинаға туған әпкесі екендігін, анасының, бауырларының сарылып күтіп жүргендігін айтқанда ол таңданыс білдіреді. Бір жастан бастап ата-анасынан, туғандарынан көз жазып, өзге адамдардың бауырында өскен ол анамның қолында жоғары білім алып, терапевт мамандығын иеленіп шығады. Көп жылдар бойы Алматыдағы медициналық университетте абыройлы жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдың сәуір айында оңтүстік Астанамызға жолым түсіп, Гүлсім әпкемнің көзін көріп, сабағын алған ұстаздар қауымымен, студенттермен жүздесіп қайттым.

– Әңгімеміздің әлқиссасын Гүлжамал әжеміздің қолында өстім деп бастаған едіңіз. Ол кісі жөнінде кеңірек тоқталсаңыз. Әдебиетшілердің айтуынша, сұлу да сымбатты болған әжеңіздің мінезі өткір де сұсты екен…

– Иә, көрген жан көзден сүрінетін сұлу кісі болатын. Өмірде бастан кешірген қорлығын көрген түстей баяндайтын ол кейде сүйген жары Бейімбет атамның кісілік келбетін, адамгершілігін, сабырлылығын және ақкөңілділігін үнемі еске алып, сүйсіне айтып отыратын. Атамның есімін тура атамай, Биаға дейтін. “Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және атаң үшеуі бірге жүргенде Алматының көшелері ерекше көріктеніп кететіндей”, – дейтін.

Әжемнің сауаты төмен болса да, атамның жазғансызғандарын көзінің қарашығындай сақтай білген. НКВД-ның еңгезердей тергеушілерінің айдауына, айтқанына көнбей, күйеуі “халық жауы” деген қағазға ұрып-соқса да қол қоймаған. “Отасқан жылдар ішінде маңдайымнан шертіп, жанарыма жас үйіртіп көрмеген кісі қалай “халық жауы” атанады?” – деп ізгілікке толы жүрекпен қарсы шыққан.

Әжем бірде кешқұрым мені жанына отырғызып, атамды мақтай бастады. Оның жер қозғалса да үнсіз отыра беретін сабырлылығын айтып, таңдай қақты. “Өңменіңнен өтіп кететін қара суық күздің күні болатын. Қыстың қамымен соғым алайын деп базарға бардым. Жылқының еттерін аралап көріп жүрсем, жол-жөнекей Сәкенді жолықтырдым. Ол да соғым сатып алу үшін жүр екен. Әйел басыммен базар маңын аралап жүргеніме өкпесін білдіріп, Биағаны сұрады. “Үйде жазу жазып отыр”, – дегеніме қапаланып: “Сендей нәзік әрі сымбатты аруды жалғыз жіберетін жүрек жұтқанның нағыз өзі екен”, – деп жігерімді қайрап айтқан сөздеріне мен де қызбаланып, біраз ашуландым. Көкірегімді кернеген ызамен үйге алқынып барсам, Биаға әлі сұқ саусағымен шашын бұраған күйде қағаз жазып отыр екен. Болған жағдайдың барлығын айтып, үйді басыма көтере айқайлап, ішімде қыз-қыз қайнаған өкпемді жылап-сықтап шығарып жатырмын. Менің бұл күйіме үнсіз телміріп қарап отырған атаң сәлден соң: “Рахмет, Гүлжамал, саған қалай ризашылығымды білдірсем екен?! – деп түк болмағандай қарап тұр. Түсінбедім. Сөйтсем, біраз уақыттан бері бір долы әйелдің бейнесін қағаз бетіне түсіре алмай, қиналып отыр екен”, – деген әжем атамның соншалықты шыдамды жан болғанын ілтипатпен баяндайтын.

– Қазақтың жаны да, ары да асқақ әжелерінің тәлімін көрген қыз қасиетті Қызылжар өлкесіне қалай келді?

– Халқымызда “Қыз мұраты – кету” деген сөз бар. Аталы ұғымды орындап, сонау Жаңарқадан Петропавлға келін болып түстім. Нақтырақ айтсам, зайыбым – Шал ақын ауданының тумасы. Алматыдағы медициналық институтты бітірдім. Петропавлдағы №3 қалалық ауруханада дәрігер педиатр болып ұзақ жылдар бойы табан аудармай қызмет етіп келемін. Алланың берген үш баласы бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp