Жерлесіміз, кәсiпқой бокстан WBA (Super) мен IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жанат Жақиянов (27-1, 18КО) чемпиондық белбеулерінің бірінен бас тартты.
IBO чемпиондық белбеуді Жанат Жақиянов үстіміздегі жылдың 11 ақпан күні АҚШ-тың Толедо қаласында америкалық Роши Уорреннен тартып алған еді. Енді жеңіл салмақта әлем чемпионы бұл белбеуден бас тарту себебін түсіндірді.
– Біз алғашында тек маңызды саналатын WBA (Super) белбеуіне ғана жарна төледік. Ал IBO негізгілердің қатарына кірмегендіктен қосымша шығындалмауды жөн санадық. Мұның бәрі жекпе-жектің алдында келісілген болатын. Енді бар күш-жігерімді WBA бойынша жекпе-жектерге бағыттай аламын, – деді Жанат Жақиянов.
Бүгінгі таңда жерлесіміздің еншісінде тек жеңіл салмақтағы WBA тұжырымының чемпиондық белбеуі бар.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.