«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРІЛГЕН УӘДЕНІ ОРЫНДАУ — БИЛІКТІҢ БЕДЕЛІНЕ СЫН

Өңір басшысы Ерік Сұлтанов бұрнағы күні қала әкімі Марат Тасмағанбетовтің облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында өткен тұрғындармен қорытынды кездесуіне қатысты.

Марат Тасмағанбетов облыс орталығының өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы, есепті кезең ішінде қол жеткізілген табыстар мен әлі де шешімін таппаған мәселелер, алда тұрған міндеттер туралы баяндама жасады.

Облыс әкімі тұрғындармен есепті кездесуде сөз сөйледі.

– Мемлекет басшысының “Нұрлы Жол” Жаңа Экономикалық Саясаты ел экономикасының өсімін, инвестициялық белсенділікті қолдауды, тұрғындардың кірістерінің кемуін болдырмауды, жаңа жұмыс орындарын ашуды ынталандыруды, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуды қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдардың мүлтіксіз орындалуын қалыптастырады, – деді Ерік Хамзаұлы. – Петропавл қаласы бұл бағытта тындырымды жұмыстардың атқарылуына үлес қосуда.

Ерік Сұлтанов жергілікті билік органдары алдында тұрған проблемаларға да тоқталды. Былтыр облыс орталығында өндіріс көлемінің өсуіне қол жеткізілмеген.

Өңдеу кәсіпорындары да бұрынғы қарқынынан айрылып қалған. Петропавлдағы шағын және орта бизнес субъектілерінің үштен бірі ғана белсенді жұмыс істейді.

Қаланы көркейту, көшелер мен аулаларды жөндеу, жергілікті бюджеттің кіріс және шығыс бөліктерін толтыру, жұмыспен қамту, еңбекақыны уақтылы төлеу сияқты мәселелерді қала әкімдігі тұрақты назарда ұстауы қажет. Өңір басшысы үстіміздегі жылғы мерейлі мерекелерді петропавлдықтардың лайықты атап өтетіндіктеріне сенім білдірді.

Облыс әкімі өз сөзінен кейін залда орнатылған микрофон арқылы қойылған сұрақтарға жауап берді. Мүгедектердің құқығын қорғайтын қоғамдық бірлестіктің өкілі Нина Антонова Бескөл ауылында мүгедектерді оңалту орталығын кеңейтуге көмек беруін сұрады. Өңір басшысы келесі аптада Қызылжар ауданында іссапарда болғанда бұл мәселені қарастыратынын жеткізді.

“Асыл ана” асырауында мүгедек балалары бар әйелдердің қоғамдық бірлестігінің төрайымы Теңдік Сәрсекеева өзінің өтініштері мен ұсыныстарын жазбаша түрде облыс әкіміне тапсырды. Өңір басшысы көптеген жылдар бойы қоғамдық бірлестікті басқарып, мүшелері үшін қыруар жақсылық жасаған төрайымның еңбегіне алғыс білдірді.

Содан кейін Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов тұрғындардан кездесуге дейін жазбаша түскен сауалдарға жауап берді. Интернационал, 62, Букетов, 42, Абай, 102 “а”, М.Әуезов, 128 мекенжайларына балалардың ойын алаңдарын салу, Перминовтар, Челюскин, Крылов көшелерін тегістеу, Горький, Тоқсан би көшелерінде жаяу жүргіншілер жолын, Космонавтар, 2-ші Косогор көшелерінде, Егемен Қазақстан көшесі, 40-үйде электр шамдарын орнату мәселелеріне байланысты атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды.

ДСР аумағында соңғы жылдары жаңа тұрғын үйлер бой көтеруде. Сондықтан бұл аумақта балабақша мәселесін шешу туралы өтінішке қала әкімі “Мечта” тұрғын үй кешенінде 75 орындық мектепке дейінгі мекеме ашу қарастырылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар №8 орта мектеп жанындағы шағын футбол алаңының ескірген жабындысы биыл жаңартылатын болды.

Қала әкімінің қорытынды кездесуіне жиналған тұрғындар өкілдері өз өтініштерін ауызша да жеткізді. “Улыбка” балалар қайырымдылық қорының төрайымы Галина Бондаренко ұйымға кеңсе бөлуді, сырқат балаларға медициналық қызмет көрсетуге көмектесуді өтінді. “Каштан” саяжай бірлестігінің өкілі Наталья Саможенова электр шамдарын орнату мен жолды тегістеуді сұрады.

Облыс орталығының басшысы Марат Тасмағанбетов кездесуді қорытындылай келіп, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарының ешқайсысы ескерусіз қалмайтынын, оларды орындау бойынша қалалық іс-шаралар жоспарының жасалатынын жеткізді.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp