«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕСКӨЛДЕГІ БЛОКБЕКЕТ: арнайы рұқсаты барлар ғана өте алады

Үстіміздегі жылғы 9 қарашадан бастап эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты Петропавл қаласында және Қызылжар ауданында 5 блокбекет қойылған болатын. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Бескөл ауылының кіреберісіндегі блокбекеттің жұмысымен танысты.

Петропавл қаласы әкімі Болат Жұмабековтың айтуынша, шаһарға блокбекеттер арқылы аудандық әкімдіктер ұсынған тізімдер бойынша жұмысқа келгендер кіріп-шыға алады. Әзірге 10 ауданнан келіп түскен тізімдерге 8 мың адам тіркелсе, олардың 1200-і – қалада тұрып, аудандарда жұмыс істейтіндер. Сонымен қатар денсаулық жағдайына байланысты жол жүргендерге блокбекеттер арқылы өтуге рұқсат етілген. Бұл ретте олардың қолында медициналық мекемеден берілген арнайы жолдама немесе анықтама болуы тиіс. Бұдан бөлек, блокбекеттерден тұрғындардың тіршілігін қамтамасыз ету кәсіпорындары мен ұйымдардың қызметкерлері, апаттық-құтқару қызметі мен жедел медициналық көмек көрсету көліктері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет көрсетушілер және бірінші қажеттіліктегі тауарларды жеткізушілер кедергісіз өте алады. Ал қалған азаматтар Петропавлға ПТР-тестінің қорытындысы теріс болғанын дәлелдейтін анықтамамен ғана кіре алады. Үш тәулікке дейін жарамды анықтама бес жасқа дейінгі балаларға ғана қажет емес.
Өңір басшысы жергілікті биліктің тұрғындардың шектеу шараларының енгізілуіне байланысты туындаған сауалдарына жедел түрде жауап берулері керектігін айтты.
Өңірімізде коронавирус жұқтырғандар саны күн сайын өсіп жатыр. Оның жартысына жуығы облыс орталығына тиесілі. Тұрғындарда туындаған барлық сұрақтар Петропавл қаласы әкіміне келіп түсуі тиіс. Шаһар басшысы алғашқы аптада күн сайын “Zoom” арқылы тікелей эфирге шығатын болады. Ал аудан әкімдері күнара тікелей эфирде сұрақтарға жауап берулері керек.

Сонымен қатар мәселелерді жедел шешу үшін басқармалар да осындай режімде жұмыс істейді, – деді Құмар Іргебайұлы. 

Бүгінгі таңда блокбекетте полиция қызметкерлері кезекшілік етуде. Мейірбикелер жолаушылардың дене қызуын тексеруде. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматовтың айтуынша, Бескөл ауылына кіреберістегі блокбекеттен бір түнде 900-ден астам көлік өтсе, тиісті анықтамасы жоқ 31-і кері қайтарылған.
Қазір блокбекеттерден өтетін адамдардың аты-жөні мен автокөліктердің нөмірі “Сергек” базасына енгізілуде. Алдағы уақытта бұл база басқа жүйелермен интеграциядан өтіп, жолаушылардың белгілі бір кәсіпорында шын мәнінде жұмыс істейтіндігін және ПТР-тестінің жарамдылығын анықтайтын болады. Тағы бір жаңашылдық – көлік көп өтетін үш блокбекетке бейнебақылау камералары орнатылған. Олар автокөліктердің нөмірін сканерлеп, ақпаратты тәртіп сақшыларының планшетіне жіберетін болады. Осылайша, тексеріс уақытын қысқартып, көлік кептелісінің алдын алу ойластырылған.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp