«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бес саябақ салынбақ

Облыс әкімі қалада салынып жатқан бірқатар нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды.

2014 жылмен салыстырғанда Петропавл қаласын абаттандыруға бөлінген қаржы көлемі алты есеге көбейген. Яғни, 246 млн. теңгеден 1,5 млрд. теңгеге дейін артқан. Тек соңғы үш жылда шаhарды көркейтуге 4,4 млрд. теңге жұмсалған. Қала бюджеті шамамен екі есеге дерлік артып, 64 млрд. теңгені құрады. Құмар Іргебайұлы “Динамо” стадионында атқарылып жатқан жаңғырту жұмыстарымен танысу барысында осылай мәлімдеді.

– Бюджеттің еселенуі қаланы көгалдандыру, көркейту бағытында ауқымды жұмыстарды атқаруға мүмкіндік берді. Оң өзгерістерді әр тұрғын байқады десем де болады. Аулалар жөнге келтірілді. Балалар, спорт алаңдары, жаяу жүргіншілер жолдары жасалып, тегін автотұрақтар пайда болды. Бүгінгі күні облыс орталығындағы аулалардың 80 пайызына асфальт төселді. Әр екінші аулада балалардың ойын алаңы қойылды. 31 көшеге заманауи жарық шамдары орнатылды, – деген өңір басшысы қалада атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын өзі тікелей бақылауына алғанын жеткізді.

“Shatur Group KZ” мердігерлік ұйымының жоба жетекшісі Әлібек Есдәулетовтің айтуынша, 8 мың шаршы метрге созылып жатқан спорттық кешен волейбол, баскетбол, футбол, жеңіл атлетика, теннис, роллердром алаңдарымен толығып, жаттығатын тренажерлер, заманауи жарық шамдар орнатылады. 200-ге жуық жас көшет егіледі. Бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 240 млн. теңге жұмсалмақ. Қыркүйек айында басталған қауырт шаруаны қараша айының аяғында аяқтау жоспарланған.

Бүгінде темір жол аумағы адам танымастай өзгерген. Екі субұрқақ алмастырылған. Ескі павильондар алынып, 4 мың шаршы метрге жасыл желек төселген. “Петропавлда 2 орталық саябақ болғанымен, тұрғындардың серуендеуіне жеткіліксіздігі ескеріліп, биыл 5 жаңа демалыс орнын салу жоспарланды. Олардың екеуі жұмыс істеп тұр. Саябақтар қаланың әр ауданында тұрғызылатын болады. Мәселен, “Береке” шағынауданында салынып жатқан саябақтың орнын бұрын батпақ басып, күл-қоқыс үйіліп жататын. Ол қараша айында пайдалануға беріледі. Тұрғындардың субұрқақтарды тамашалап, гүлмен көмкерілген бақтарда демалуына мүмкіндіктер жасалады. Амфитеатр, демалыс аймағы, балалардың ойын және спорт алаңы, жүгіру жолы мен альпинарий болады. Келер жылға жоспарланған іс-шаралар бұдан да ауқымды. Брусиловский көшесіндегі саябақтың құрылысы жалғасады. Жуков көшесінде спорт тренажерлері бар алаң ашылады. Мещан орманында шағын стадионы бар спорт алаңы іске қосылады. Қуыршақ театрының жанындағы ескі үйлер сырылып, оның орнында тағы бір саябақ бой көтереді. Үлкен жобалардың бірі – №8 мектеп жанында салынатын жаңа спорт сарайының құрылысы. Оның жанында да демалыс орны пайда болады”, – деді өңір басшысы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Құмар Іргебайұлы жаңғырту жұмыстары мәресіне жетіп қалған темір жол вокзалын аралап көрді. Жобаны жүзеге асыруға “Ресей темір жолдары” АҚ-ы 3 млрд. теңгеге жуық инвестиция құйған. Ғимараттың шатыры, қасбеті түгелімен ауыстырылған. Ауа тазартатын кондиционер жүйесі, таблолар қойылды. Үш лифт, екі эскалатор орнатылған. Қызмет көрсету орындары, күту залдары кеңейтілген. Асхана, газет-журнал сататын дүңгіршек, шаштараз секілді қызмет көрсету орындары орналастырылады. “Темір жол вокзалы 1959 жылдан бері жөнделмепті. 60 жылдан кейін қолға алынған жаңғыртулар бұл маңайдың архитектуралық келбетін мүлдем өзгертті. Бүгін вокзал алдындағы алаң қолданысқа берілді”, – деді “Shatur Grup KZ” мердігерлік компаниясы директорының орынбасары Асылбек Бағанов.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp