«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЛІК ПЕН ХАЛЫҚ АРАСЫНДАҒЫ АЛТЫН КӨПІР

Осымен жетінші рет өткізілген республикалық Азаматтық форумда елімізді әлеуметтік жаңғыртудағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлі, әлеуметтік дамуға бағыттанған ұзақмерзімді бағдарламалардың маңызы, нормативтік-құқықтық негізді жетілдірудегі жалпыұлттық диалогты әрі қарай дамыту мәселелері талқыланды.

Үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың арасындағы өзара ықпалдастықты дамытуда ерекше орны бар бұл жиын ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтті.

Төрт жүзден астам делегат бас қосқан форумға Солтүстік Қазақстан облыстық “Азаматтық альянс” қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жангүл Жолмұқанова және он үкіметтік емес ұйымның өкілі қатысты. Ұлттық мұражайда өткен форумда Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының құттықтау хатын оқып берді.

“Тәу­елсіздіктің 25 жылдық ме­рей­лі белесінде біз бүкіл ел бо­лып Қазақстан жо­­лының қорытындыларын шығарудамыз. Оның орасан мол табысының елеулі бө­лі­гі азаматтық секторға тие­сі­лі. Сіздердің белсенді және жа­­­са­мпаз еңбектеріңіз әр­дай­­ым қоғамымыздың әл-ау­қа­тын арттыруға және Тә­уе­л­сіз­­­дігіміздің нығаюы жолына жұм­салсын!” – делінген Пре­зи­денттің құттықтау хатында.

Форумда сөз алған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов үкіметтік емес ұйымдардың елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық өміріндегі жасампаздық рөліне тоқталды.

– Азаматтық форум дегеніміздің өзі – пікірталасы қайнаған, әлеуметтің айнасын айшықтап, осыған орай ұсыныс-тілегін дайындаған нағыз ойлы да орамды орта. Оның қоғамға берер құндылығы да, мемлекетке керек шындығы да, міне, осында. Сөз жоқ, осында отырған көпшілігіңіздің ел дамуында қаншалықты үлестеріңіз мол болса, Тәуелсіздігіміз бен Елбасының да тасын өрге домалатып жүрген үкіметтік емес ұйымдардың өсіп-өркендеуіндегі рөлдерің де талассыз, – деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Форум аясында үкіметтік емес ұйымдардың қалыптасу, өсу жолдарын көрсетуге арналған көрме ұйымдастырылды.

Делегаттар қоғамдық маңызы бар тақырыптар бойынша секцияларға бөлініп, жұмыс істеді. “Үкіметтік емес ұйымдардың өңірлік даму мен жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысуы” тақырыбындағы алаңда Солтүстік Қазақстан облыстық “Азаматтық альянс” қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков модератор болып, өз тұжырымдамасымен бөлісті.

Екі жылда бір өтетін Азаматтық форум – мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара пікір алмасатын ашық алаңы. Жиында айтылған ұсыныстар мен көтерілген бастамалар, билік өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істеуге септігін тигізері сөзсіз.

Форумда әлеуметтік мәселелерді шешуде инновациялық әдістерді анықтауға бағытталған байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Олардың арасында Солтүстік Қазақстан облыстық “Азаматтық альянс” қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков та бар.

Жанаргүл МЕЙРАМ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Петропавл – Астана – Петропавл.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp